Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ИГІ БАСТАМАДАН ҚАЛЫС ҚАЛМАЙЫҚ!

Қызылқоға өңірі қай уақытта да дарынды ұлдарға кенде болмаған өлке.

Ғасырларға жалғасқан табаны тарих, топырағы нәрлі, табиғаты сәнді мекен. Алтын құрсақты апаларымыз, апайтөс азаматтар мен кер маралдай керілген сұлулар жайлаған мекен. Дүниенің жұмағын тапқан адам жоқ болар, бірақ жұмаққа балайтын мекен іздеген Асан Қайғы бабамыздың өзі Тайсойғанға тап болғанда қимастықпен қайтып кете алмай, Тасшағыл өңіріне жақын Ақтөбе-Қорғанша қамалында 10 жыл тұрған екен. Ол атамыз өзінің асқан сұлу қызын осы қорғаншадан Жағалбайлы еліне ұзатқан. Оның өзі білген кісіге ұлылық-ізгілік, қыздарын ұзатқандарға ақылға толы әңгіме.

Ұлттық рухты асқақтату жолында, ата-бабаға деген перзенттік парызын ойлаған азаматтар бас біріктіріп, қуғын-сүргін құрбандарын, олардың аса бір қаһарман өкілі, халық батыры атанған Құныскерей Қожахметовтың туғанына 125 толуына орай еске алу, ұлықтау шараларын өткізгелі жатыр дегенді естіп қатты қуандық. Басы бар, аяғы жоқ қарбаласқан қам тіріліктен уақыт тауып, көмбе қазынасы бар байларға жетпейтін қаржыдан қаражат бөліп, ата жолын, баталы жолға бастаушы азаматтардың ісіне сәттілік тілейміз.

Құныскерей аңыз адам. Батырлығы, батылдығы, ойшылдығымен қатар атбегілік, ізшілдік, мергендік қасиеттер ерекше дарыған қайталанбас тұлға. Өмір жолында кездескен әртүрлі қиын жағдайдан сүрінбей өткен саясаткерлік, жауынгерлік, азаматтық қабілеттерін жаратылыс аямай сыйға тартқан жан. Сарқылмас күш қуаттың иесі, тектіліктің киесі аталып, қазақтың қанжардай өткір, жебедей ұшқыр намысты ұлының тар жол, тайғақ кешудің бар қиындықтарынан өткендігі белгілі.

Жабыққан күндерге жасымай, өзегін өртеген сағынышқа мойымай өмірінің ақыр соңына дейін тағдырдың жазмышына қасқайып қарсы тұрған жерлесіміз ұрпақтың мақтанышы, қайсарлықтың, бірсөзділіктің өнегесі.

Тізесі бүгіліп, басын имеген дара батыр, әділдікті аңсаған дана батыр. Төңіректе тектілер көбейген заманда нағыз тектіні анықтайтын, екі асайтын ептілер көбейген тұста ептіліктің ерлік екендігін ұғындыратын бабаның рухы мен ұрпақтың қанынан қайнап шыққан сағыныш, аңсау тойы болғалы отыр.

Туған жердің нәрі мен азаматтардың арынан бастау алған, қазақы қасиетті, ұлтшыл ұлағатты шарада кездесейік, ағайын! Аңыз адам Құныскерей атаның туғанына 125 жыл және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мерейтойлық мәдени-көпшілік шаралар Миялы ауылында 30-31 мамыр күні өткізіледі деп белгіленген. Еліміздің бар аймағымен қатар, шет елдерден де баба рухына табынушылар келеді деп күтілуде. Басталған іс сәтті болсын. Бұл тек аз ғана адамның қолынан келетін іс емес. Құныскерей халық батыры, бәріміз осы іске жанашыр болып қаржылай немесе басқалай көмек қолын созсақ, нұр үстіне нұр емес пе, ағайын!

Мұрат САРМАНОВ,

кәсіпкер, меценат

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521