Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қатып қалған қағида жоқ

Қазақстан Мұсылмандар діни бірлестігінің Атырау облысындағы өкілі, «Иманғали» мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев, «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтановтар Сағыз ауылдық округіндегі «Шұғыла» мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.

Жиындағы басты мәселе - жаназадағы имам мен қариялар арасындағы түсініспеушіліктер.

Несін жасырайық, «Абдолла Хазірет» мешітінің бас имамы Ерлан Маратұлы мен ауыл тұрғындарының арасында жаназа шығару кезінде түсінбеушіліктер пайда болып, арты үлкен дауға айналғаны белгілі.

– Соңғы кезде жаназаны атқарып жүрген имамның жұмысына көңіліміз толмай жүр. Өмірден озған пендені ақтық сапарға аттандырар да бұрынғы имамдар жаназа намазы біткеннен кейін арнайы марқұмның рухына дұға бағыштайтын. Бейіт басына алып келгеннен кейін қауымда жерленген ата-бабалардың рухына арнап дұға оқитын. Бірақ, қазіргі имамда оның бірде-бірі жасалмайды. Бұл не сонда? Адасушылық па? Біздің ата-бабаларымыздан бермен қарай келе жатқан салт-дәстүрімізді неге жоққа шығарады? Бізге соның аражігін ажыратып беруіңізді сұраймыз - деп, ауыл ақсақалдары бірауыздан Алтынбек Ұтысханұлына сұрақты төтесінен қойды.

Ауыл ақсақалдарының уәждерін асықпай тыңдап алған "Иманғали" мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы:

– Сіздер айтып отырған мәселелер бойынша асыл дінімізде айтарлықтай қатып қалған қағида жоқ. Жаназа намазынан кейін өмірден өткен адамның рухын нұрландыру үшін «Фатиха» сүресін дұға ретінде немесе қысқа бір дұғаны оқып жіберу ешқандай айып емес. Фәни жалғанмен қоштасқан пендені арулап көміп, жер қойнына тапсырғаннан кейін, қауымға құран бағыштаймын деп ниет еткен адамдарға құран оқуға рұқсат. Бірақ, намаздың алдында немесе намаздан кейін митинг жасап, төрт-бес адам сөз сөйлеу мұсылман адам баласына қайшы әрекеттер. Бұл кеңестік жүйенің сарқыты. Сондықтан, имам әркезде де, халықтың ортасында болып, ауыл ақсақалдарының ұсыныс-пікірлеріне, салт-дәстүрлеріне құлақасып отыруы қажет. Халық пен имамның бітімге келіп, түсіністікпен жұмыс жұсауы елдің тыныш болуына үлкен септігін тигізеді - деп жауап берді.

Сонымен қатар, кездесу барысында «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы түсіндіріліп, қазіргі садақалардағы ысырапшылдықты жою, қабір басындағы тәртіпсіздік мәселелері сөз етілді. Жиын соңы ақсақалдардың ақ батасымен аяқталды. Сондай-ақ, аталмыш делегация Мұқыр ауылдық округінде де болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Мұндағы мешіт жамағаттарын қынжылтатыны – арнайы дәрет алатын жердің болмауы екен. Оны облыстың бас имамы алдағы уақытта шешіп беремін деген уәдесін берді.

Нұрәділ ЕЛАМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521