Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ақын мұрасына айырықша көзқарас

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқи отырып, ой түйдік.

Бұл мақалада Ұлы ақынның 175 жылдығын тойлау мәселесімен қатар, оның шығармаларын жас ұрпақ санасына сіңіру мәселесі де баса айтылған. Оған Президенттің «Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын» деген сөзі дәлел. Расымен де, біз Абайды терең танимыз десек оның кітаптары үйіміздің төрінен табылу керек. Балаларымыз ұлы ақынның өлеңдерін, үлкендер жағы қара сөздерін санасына түйер болса, ұлттық құндылығымыз қайта жаңғыратын болады.

Сондай-ақ, Ұлы ақынның «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» шығармалары түсінген адамға бағыт-бағдар беретін темірқазық десек те болады. Ал, мақаланың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Себебі, Абайдың өлеңдері мен қара сөздері осыдан екі ғасыр бұрын жазылса да әлі күнге дейін өз маңызын жойған емес. Бұл туралы Президент өз мақаласында «Оның шығармаларында ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» деген болатын. Шынында да қазіргі жаһандану дәуірінде бізге Абай шығармалары ауадай қажет. Сондықтан да Ұлы ақынның туындыларын жас ұрпақ санасына сіңіріп өсіруіміз керек.

Президент бұл мақалада өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өткенін, сол эстафетаны Ләйлім атты оқушы қыздан қабылдап, өзі де шараға қатысып, қолдау көрсеткенін айтқан болатын. Осы орайда, ондай эстафета аудандық орталық кітапханада да белсенді түрде өтті. Оған оқушылармен қатар, бөлім, мекеме қызметкерлері де қатысып, барлығы Абай өлеңдерін жатқа оқыды. Эстафетаға белсенділікпен қатысқан оқырмандарды көре отырып, біздің ауданда да Ұлы ақынның мұрасын дәріптеушілердің көп екеніне көз жеткіздік. Мұндай іс-шаралар елімізде биыл да жалғасатын табатын болады. Ол туралы Мемлекет басшысы «Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады» деген еді. Демек, тұтас ел болып тойланатын Абай тойына біздің ауданның қосар үлесі зор болады.

Гүлжан АЙСАҒАЛИЕВА,

аудандық орталық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық

қамтамасыз ету секторының меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521