Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Медиацияның артықшылығы неде?

Қазіргі таңда медиация қызметін қолдану қарқын алып отыр.

Осы тұста татуластыру рәсімдерін қолданудың артықшылығына тоқталсақ, медиацияны жүзеге асырушы тұлға, тараптарды кінәлі немесе кінәсіз деп бөліп жармай, тараптарға жауапкершілік жүктеп, нұсқау бермейді. Медиатордың басты негізгі мақсаты тараптарды келісімге келуге шақыру. Татуласудың тағы бір артықшылығы – мұнда сот шешімі орындалмай орта жолда қалмайды. Бекітілген келісім бойынша тараптар ондағы шарттарды орындауға мүдделі. Азаматтық процестік кодексінің талабына сай, татуласу келісімін жасасқан тұлғалар оны ерікті түрде орындайды. Ал егер ерікті түрде орындамаған жағдайда, татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады. Ол үшін сот кеңсесіне келіп тек бір бет қана өтініш тапсырып, онда келісім шарттарында көзделген талапты мәжбүрлеп орындауға атқару парағын шығаруды сұрайсыз. Аталған өтініш негізінде, сот ешбір даусыз атқару парағын шығарып, Сіздің қолыңызға табыстайды. Сондықтан, «Соттың шешімі шықпай қалса, талабымыз орындалмай қалады», – деген пікірден арылу керек.

Сондай-ақ, медиация рәсімі арқылы азаматтар уақытын жоғалтпайды. Қайта керісінше, ақша қаражаттарын үнемдейді. Өйткені, сот рәсіміне қарағанда медиация рәсімі қысқалау, әрі мемлекеттік баж салығы төленбейді. Дауласушы тараптар адвокаттың қымбат ақылы қызметіне жүгінбейді. Ең бастысы екі жақтың қатынасы үзілмейді. Абырой-бедел сақталады. Татулық бұзылмайды, жүйке жұқармайды. Қоғамдағы алауыздықты азайтып, ел бірлігін, тұрғындардың татулығын нығайта түседі. Ал, сот табалдырығына келгеннен кейін тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер айтып жатады. Сол себептен кешегі туыстар бүгінгі жау, кешегі достар бүгінгі қасқа айналуы әбден мүмкін ғой. Сотқа жүгінбестен бұрын ақылға салып әбден ойлану керек. Медиация рәсімінің тиімділігін, соның ішінде қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдағы ағайынның дау-жанжалын өрбітпей, оларды келісімге келтіріп бітістіру аса қажет екендігі анық. Өйткені, ауылда бәрі бір-біріне туыс, жекжат, ағайын боп келеді емес пе?! Ол үшін осы медиацияны одан әрі дамытуда жергілікті жерлердегі ауылдық округтердің де зор ықпалы болуы керек. Мәселен, ауыл тұрғыны даулы мәселесін айтып округке жүгінді делік, сол кезде округ әкімі аппаратындағылар оларды құқық қорғау, сот органдарына бару қажеттігін айтып шығарып салмай, өздерінің округі бойынша тіркелген кәсіби емес медиаторды шақыртып, болмаса медиаторға байланысу үшін мекенжайын, байланыс нөмірлерін ұсынып, дауды өрбітпей, сол округ кеңсесіндегі арнайы медиация кабинетінде шешімін табуға жәрдемдесіп отырса игі болары сөзсіз.

Жалпы, медиация сөзі ағылшын тілінен енген. Атау өзгеше естілгенімен, бұл бұрын қазақ қоғамында болған үрдіс. Бұрын ата-бабаларымыз ел ішіндегі дау-дамайларды, кикілжіңдерді билер соты арқылы шешіп отырған. Тарих қойнауына үңілсек, аузы дуалы атақты Казыбек, Төле, Әйтеке билердің бітімдері әлі күнге ұрпақтан-ұрпаққа өнегелі сөздің ұстанымы ретінде жалғасып келеді. Қазақ қашанда сөзге тоқтаған халық. Кешірім сұрап келсе, «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «Ер шекіспей бекіспейді» деп мақалдап, екі жақты татуластырып отырған.

Елбасы айтқандай, қазіргі жаһандану дәуірінде жат идеологиялардың ықпалына еліміздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттау арқылы төтеп береміз. Сондықтан, қазақтың билер сотын ұлттық құндылықтардың бірі ретінде танып, оны кеңінен насихаттауды ұсына отырып, рухани жаңғыру арқылы еліміз таяу болашақта бірлігі жарасқан біртұтас ұлт ретінде ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылады деп сенім білдіреміз.

Базаргүл ӘБДУАЛИЕВА,

аудандық соттың бас маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521