Халықаралық олимпиададан қуанышпен оралды

Бүгінгі күні еліміздегі білім жүйесінде кеңінен қолданысқа енгізіліп келе жатқан ментальды арифметика дүниежүзіндегі қырықтан аса елдердің білім жүйесінде тіркелген. Бұл ғылым әдістемесі – балалардың бойында логика, дәлдік пен шапшаңдық, сенімділік, есте сақтау қабілеттерін дамытады.

Аталмыш ғылым бағытында білім алып жатқан оқушылардың білімдерін сынау мақсатында 24 наурыз күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «ISMA» ментальды арифметика бойынша ІІ халықаралық олимпиадасы ұйымдастырылды. Ресей, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Қытай, Болгария мемлекеттерімен бірге еліміздің жас математиктерінің арасында біздің ауданнан да 20 оқушы қатысып, есеп додасында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, №9 орта мектебінің оқушылары Кәусар Сансызбай мен Серікболсын Есжан чемпион атанса, Ақнұр Тынышбай (№9 орта мектеп), Асылназ Амандық, Тілекқабыл Нұрғалилар (Ш.Еркінов атындағы орта мектебі) І орынды иеленді. Сонымен бірге, Ұлпан Серік, Рабиға Жақсылықова (Қаракөл орта мектебі), Жаннұр Дүйсенбаева, Нұрсат Ұзақбай, Марғұлан Асхаттар (Ш.Еркінов атындағы орта мектебі) ІІ орынды жеңіп алса, Ақтолқын Мырзабай, Нұржан Молдаш (№9 орта мектеп), Жазира Қожық, Аршат, Ажар Жәрдембай (Кенбай орта мектебі), Ибраһим Қобылан (Жаңашаруа орта мектебі), Альфия Саматқызы, Азамат Төлеуғалилар (Ш.Еркінов атындағы орта мектебі) ІІІ орынды еншіледі. Бұл есеп додасына қызылқоғалықтармен бірге Атырау қаласы мен Мақат ауданынан да жас метематиктердің қатысқанын айта кеткен жөн.

Айта кетейік, оқушыларға екі жылдан бері «ISMA» ментальды арифметика мектебінің Қызылқоға ауданы бойынша филиал директоры, «НҰР kz АТАМЕКЕН» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Нұртай Шыңбай мен мектеп инструкторы Ләззат Құлбаева есепті ауызша шығарудың тәсілдерін үйретіп келеді. Филиал директоры Нұртай Шыңбайдың айтуынша, мектеп инструкторы Ләззат Құлбаева бүгінгі күні аудандағы №9, Кенбай, Қаракөл, Жаңашаруа орта мектептерінде, Ғ.Сланов және Ш.Еркінов атындағы орта мектептерде оқушыларды «ISMA» әдістемесі бойынша оқытып, балалардың қабілеттерін шыңдауда. Олардың үйренуге деген талпынысы зор. Басқа мектептерден де оқушыларды үйретуге ұсыныс түскенімен сабақ кестесіне сыймағандықтан әзірге мүмкіндік болмай отыр.

Ендеше, жас шәкірттердің халықаралық сайыстағы жеңісі құтты болып, қашанда білім бәсекесінде аудан абыройын асқақтата берсін демекпіз.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

Редактор-Журналист

Күнтізбе

октября 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031