Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Әйел құқығын қорғау – әлемді қорғау

Тәуелсіздік алғалы бері гендерлік теңдік, отбасы институты ондағы құндылықтар Елбасы назарынан тыс қалған емес.

Әр Жолдауында отбасы, демографиялық өсім, гендерлік саясат, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп, арнайы тапсырмалар жүктейді. Мәселен, «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында ана мен баланы қорғау әлеуметтік саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігі ретінде жарияланды. Елімізде Ананы қорғау туралы конвенция ратификацияланып, еңбек саласында барлық әйелдердің теңдігін қамтамасыз ету шаралары нақтыланды. Айта кетерлігі, 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын, яғни, ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі, өз бизнесін дамытуы мен мансап жолында ілгерілеуі үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді, отбасындағы құқықтар мен міндеттердің тең жүзеге асырылуы үшін жағдайлар жасауды, жыныс нышаны бойынша зорлық-зомбылықтан азат болуды айқындады. Бұл шаралар өз кезегінде қоғамымызда әйелдердің зардап шегу жағдайларына тосқауыл болмақ.

Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқықтарын қорғау, олардың қоғамда, отбасында, жұмыс барысында қорлық пен қысымшылық көрмеулерін қамтамасыз ететін тетіктер 2009 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңында қарастырылған. Соның шеңберінде еліміздің құқық қорғау органдарында әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесіне тиісті деңгейде мән беріліп, ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Сотта істі қарау барысында, отбасында орын алып жататын дауларға келгенде адам тағдырының күйзелісті тұстарын сезінуге болады. Сондай-ақ, сот қарауына келіп түскен істерді сараптап қарағанда, әйелдерге қарсы жасалған құқық бұзушылықтардың болуына басты себеп отбасындағы жанжал, тұрмыс келеңсіздігі, ер азаматтардың ішімдікке әуестігі, бір-бірін кемсіту, күш және қоқан-лоқы көрсету, жұмыссыздық, күн көріс қиындығы және тағы басқалары болып келеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың 9 айында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты 30 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралған. Оның ішінде, 26-сы жәбірленушінің арызы бойынша тараптардың татуласуына байланысты және медиация тәртібі қолданылып, әкімшілік жауаптылықтан босатылса, 1 тұлғаға қатысты әкімшілік іс жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылды. Ал, 1 тұлғаға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылып, 2 тұлға әкімшілік қамаққа алынған. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірумен және ұрып-соғумен байланысты 15 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, 13-і тараптардың татуласуына байланысты және медиация тәртібі қолданылып, әкімшілік жауаптылықтан босатылса, 2 тұлға әкімшілік қамаққа алынған.

Әйел – теңдікті, табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандардың құқығын қорғау қай қоғамда болмасын басты мәселе болып саналады. Қазақстан Республикасының үкіметі соңғы жылдары гендерлік саясатқа және оны жүзеге асыруға, соның ішінде әйелдердің құқығын қылмыстық қол сұғушылықтан, отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғауға ерекше көңіл бөліп келеді. Айталық, Қазақстанда гендерлік саясат жүргізу жөніндегі іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия басқарады. Оның негізгі міндеті – отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру. Сондықтан да, әлем елдерінің алдында өз имиджімізді бұдан әрі дамыту үшін демократиялық қағидаттарға негізделген гендерлік саясаттың арнасын кеңейту жолында айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді.

Салтанат НҰРҒАЛИЕВА,

аудандық соттың жетекші маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521