Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Еңбек дәмін ерте татқан жан

Сонау сұрапыл соғыс жылдарында Қызылқоға ауданынан да көптеген азаматтар майданға аттанды.

Олардың көрген күнін айтпағанда, елде қалған қыз-келіншектер мен балашағаның басынан өткен азапты күндері, елі үшін еткен еңбектері – бүгінгі күні ертегідей көрінеді. Ал соғыс басталғанда, сол кезде небәрі 11 жаста болған мұқырлық Қымбат Төлешова еңбектің дәмін ерте татып, бар қиын күндерді басынан өткерген жан. Ол 1930 жылы киелі Қызылқоға өңірінің Қарабау совхозында дүниеге келеді. Әкесі Ноғай мен анасы Мағрипаның шаңырағында апасы Бағыт, ағасы Оразбай, сіңлісі Болдық және бауырлары Қазез, Қайыр, Нәсіп барлығы бір отбасы болып тату-тәтті тұрады. Қымбат Төлешованың өткенді еске алып, сонау қиын-қыстау кезеңде көрген қиыншылығын айтуын сұрағанымызда, алдымен «несін айтайын» дегеннен өзге ештеңе айтпады. «Бәрін жасадық қой, оны не қыласың» деп қарапайымдылығына салып, өзінің жасаған еңбектерінің жария болғанын қаламады. Онысы әрине мақтаншақтыққа бой алдырмағаны. Содан жәймен отырып, апамыздың сырын тарқата түскенімізде, ойына түскен оқиғаларын баяндай бастады.

– Ол кезде біздер Ақшыңырау деген жерде отыратынбыз. Содан жасым мектеп жасына жеткенде, Сағыздың бойындағы бір қыстауға бірнеше бала болып 1-сыныпқа қабылданып, оқи бастадық. Баратын жеріміз әрине, қашығырақ орналасқан. Күнде сабаққа жаяу барамыз.

Осылайша небәрі 5-6 күн сауат ашқан соң, оқуды біржола қойдым. Қайтып мектеп көрмедім. Ал апам мен ағамның менен гөрі 3-4 жылдық білімдері бар болатын, - деп әрі қарай үзілген әңгімесін терең ойға бата отырып, есіне түсіре бастады. Оның айтуынша, соғыс басталғанда Ақшыңырау, Қосбай, Қоскөл, Шәңгілдік деген жерлерде тұрған. Үйде кіл әйелдер болып қалатынбыз. Жасы үлкен Қайыр, Қазез ағамдар әскерге кетті де, әкем мен Оразбай ағам соғысқа бармай, ауылда тірлік істеп жатты. Кейін Қайыр ағам аман келіп, отбасылы болды да, ал Қазез ағамнан қара қағаз келді.

– Жасымның кішкентайлығына орай, соғыс кезінде қызмет істеуге әлім келмеді. Кейін соғыс біткен соң ғана қамсыз күйбең тірлікке араласып, қызметке шықтым. Бағыт апам екеу-міздің күнделікті тірлігіміз пішен шауып, шөмелей үю. Мен де қасында қарап қалмай, қолымнан келгенше тырбынып жүргенім. 15 жасымнан бастап қой бағып, қой қырықтым. Күннің ыстығына, әлімнің келмегеніне қарамай, алдыма жығып берген үлкен қойды намыстанып отырып қырқып шығамын. Сонау Қарабауға дейін пішен шабамыз. Осылайша тұрмысқа шыққанша малдың соңында жүрдік, – дейді апай. Небәрі жасы 17-ге аяқ басқан қыз тұрмыс құрып, үй болуды ойлап үлгермесе де, еңбекқор бойжеткенге көз тіккендер табылып жатты. Өйткені көрші тұратын Бисембай шопан ержетіп қалған ұлы Мизамбайға айттырып жиі келгіштей беретін. Ал әкесіз, жалғыз сіңлісімен қалған Қымбаттың тұрмыс құруына анасы бастапқы мезгілде келісім бермей келсе, кейін рұқсаты мен ақ батасын беріп шығарып салады. Ал тұрмыс құрған кезде Ақтөбенің Ноғайты деген жерінде екі жыл тұрып, кейін Қайрақты, Сарқұмақ деген жерлерге қоныс аударады. Өйткені ол кезде атасы мен күйеуі шопан болып «Гурьев» совхозының малын бағатын болғандықтан, жас келіншек те қиындықтың бәріне төтеп беріп, малшылық жұмысқа көмекші болып білек сыбана кірісіп кетеді. Күнделікті таңертең ертемен тұрып, үйіндегі тірлікпен бірге, атқа қонып қой бағу Қымбаттың күнделікті ісі. Оның ішінде тұманды күндері көп қоймен далаға шығу да оңай емес. Түске таман оларды әкеліп құдықтан қауғамен суару, қой қашырту, қой төлдету, олардың қырқып жүнін тапсырып, өсірген малдың еркек тоқтысын Ақтөбеге дейін жаяу апару да бұлардың мойнындағы совхоз тапсырған үлкен міндет. Ал күні бойы мал бағып келгені былай тұрсын, үйдегі жандарға ас мәзірін әзірлеумен қатар, оларға шұлық, кеудеше де тоқып үлгеріп жатады. Және де төсеніш болмағандықтан, күннің ыстығына қарамай, үлкен кісілердің ақылымен алаша да тоқиды. Ал бүгінгідей бос уақыт атымен жоқ ол мезгілдері ешкім ауырмайтын әрі адамдардың денсаулығы мықты болатынын да апайдың өз аузынан естідік. Ал бірде екінші баласына аяғы ауыр кезінде шанаға тиеп әкелген шөбінің үстінен төмен түсе алмай, ақыры сол күні түнде босанып қалады. Бірақ оған да қарамай, белді мықтап байлап алып, жұмыс жасап кете береді екен.

Есіне түскені болар, Қымбат апай: «Бірде қой бағып келсем, енемнің денесі ыстықтан қатты қызып жатыр екен. Себебі жіңішке ауруымен ауыратын. Содан қойды әкеліп тастадым да, күндіз мал бағып жүргенде Сарқұмақтың арғы жағындағы апаннан көрген мұзды қолымдағы күрегіммен топырақтың астынан қазып алып, шелегіме толтырып салып әкелдім. Әкелдім де енемнің қасына қойып едім, ол кісі де осынау күннің ыстығында тауып әкелген мұзымды көріп, алғысын жаудырып жатты», - деп үлкен кісіден бата алғанын айтты. Міне, 40 жылдың үстінде мал баққан Қымбат апамыз бүгінде 10 баласынан немере-шөбере сүйіп отырған алтын құрсақты батыр ана. Ұлы Жеңістің құрметіне орай марапатталған медальдары да жетерлік. Олай болса, осындай ақылы мен көрсеткен үлгі-өнегесі мол батыр аналарымыз әрдайым аман жүрсін дейік.

Лаура НАРИМАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521