Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Берілген тапсырма неге орындалмайды?

Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мәслихат депутаттарының, ауылдық округ әкімдерінің, мектеп директорлары мен орынбасарларының, балабақша меңгерушілерінің қатысуымен жиналыс болып өтті. Онда білім, дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат бөлімдерінің 2017 жылы атқарған жұмыстары, бағдарламалар мен тапсырмалардың орындалысы туралы есебі тыңдалды.

 Білім сапасын қалай көтереміз?

Алдымен жыл ішінде атқарылған жұмысы туралы баяндама жасаған аудандық білім бөлімінің басшысы Аманкелді Бағдаровтың айтуынша, 2016-2017 оқу жылының қорытындысымен білім сапасы 49,2 пайыз болып 2015-2016 оқу жылымен салыстырғанда 2,2 пайызға көтерілді. Ал, Мұқыр, Тасшағыл орта мектептері мен Б.Аманшин атындағы орта мектептердің білім сапасы аудан көрсеткішінен төмен нәтиже көрсетті. Биылғы оқу жылында мектеп бітіретін 377 түлектің 257-сі ұлттық бірыңғай тестіге қатысады деп жоспарлануда. Оның ішінде 10 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Бұл оқушылармен ай сайын тест орталығында байқау сынағы ұйымдастырылып келеді. Аудандағы 17 мектептің 15-де интернет желісі бар. Алайда, мектептерде интернет желісіне қосылған компьютерлер саны аз. Интернет желісін кеңейту мақсатында қажетті телефон нүктелері мен құрал-жабдықтар анықталып, қаржысы қаралуда. Сондай-ақ, білім саласындағы жетістіктерді тізбелеп шыққан бөлім басшысы биылғы жылғы міндеттемелерді қаперге беріп, оның шешілу жолдарын атап өтті.

Бұдан кейін жиынға қатысушылар аудандық әдістемелік орталықтың меңгерушісі Қайсар Жарылғағановтың қосымша баяндамасын тыңдады. Ол өз хабарламасында мектептерде әр пән бойынша мұғалімдердің сапалық құрамын жіктеп, олардың біліктілігін арттыру, санаттарын көтеру бағытында орталықтың атқарған жұмыстарды назарға ұсынды. Қос баяндамадан соң сөз алған аудан әкімі Арман Баженов:

– Бүгінгі мәжілістің мақсаты – қазіргі күні білім саласында жеткен жетістіктермен бірге кеткен кемшіліктерді анықтау. Кемшіліктерді жою үшін не істеу қажет? Басқа да мәселелерді талқылау. Осы орайда, білім бөлімінің басшысы баяндағандай кейбір мектептерде білім сапасының көрсеткіштері төмендеген. Мұның себебі неде? – деп сұрады.

Аудан әкімінің сауалына өткен оқу жылымен салыстырғанда білім сапасы 1,3 пайызға төмендеген Мұқыр орта мектебінің директоры Венера Мырзағали былайша жауап берді:

– Білім сапасының төмендеуінің басты себебі мектепішілік бақылау жүйелі түрде жүргізілмеуінен. Бүгінгі күні кемшіліктерді жою мақсатында оқу жылының басында жоспар құрылып, барлық сала бойынша мектепішілік бақылау күшейтілді. Әрбір пән бірлестіктерінің пәндік мониторингісі шығарылып, зерделенуде. Төмен сапа көрсеткішін көрсетіп отырған сыныптар анықталып, қазіргі таңда мұғалім, оқушы, ата-ана және мектеп психологтары арқылы жұмыстар жандандырылды. Биылғы оқу жылында білім сапасын 47 пайызға дейін көтереміз». Ал, Кенбай орта мектебінің директоры Бекбол Омаровтың айтуынша, мектепте білім сапасының төмендеуіне жекелеген пәндер бойынша және бірінші сыныптарда бағаның шықпауы әсерін тигізіп отыр. Оқу жылының басында нақты жұмыс жоспарлары жасақталып, іске асырылуда. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде үшінші тоқсанның қорытындысымен білім сапасы көтеріледі.

Ата-ана балаларының сабағын қадағалау керек

Б.Аманшин атындағы орта мектебінің директоры Гүлшара Сарының түсіндіруінше, аталмыш мәселе аудандық білім бөлімінің алқа мәжілісінде қаралғаннан кейін мектепте пәндердің берілуі, оқу бағдарламаларының игерілуі, оқушыларда оқу дағдыларының қалыптасуы жөнінде педагогикалық кеңесте талқыланып, кеңес қорытындысымен көптеген жұмыстар жүргізілді. Негізінен төменгі сыныптарда өтетін ағылшын және орыс тілі пәндерінен сапа төмен. Себебі, оқушылар күнделікті үйренген сөздерін қолданатын тілдік орта болмағандықтан пайдалануы нашар. Сондықтан, оқушылардың ата-аналарына, әсіресе қабілетті балаларды репетитор арқылы дайындауға кеңес берілді. Сондай-ақ, ата-аналардың балаларының білім алуына жете көңіл бөлмеуі де сапаның төмендеуіне өз әсерін тигізеді.

– Мектептегі мұғалімдердің білім сапасы жоғары, материалдық базасы да жақсы, интернет жүйесімен қамтылған, яғни сапалы білім беруге толық мүмкіндік бар. Білім сапасын арттыруға жұмыстанудамыз. Бір айта кететін жайт, әдістемелік орталық тарапынан мұғалімдерді семинар-кеңеске, байқауға қатыстыру өте көп. Керісінше әдіскерлер мектепте мұғалімдердің қасында жиі болып, бірге жұмыс жасаса әлдеқайда тиімді болар еді, – дейді әлгінде айтқан Б.Аманшин атындағы орта мектебінің директоры Гүлшара Сары.

Мектеп директорының ұсынысына аудандық әдістемелік орталықтың меңгерушісі Қайсар Жарылғағанов:

– Әдістемелік орталық арқылы өткізілетін әрбір байқау облыстық байқауға іріктеу үшін жүргізіледі. Ал, семинар-кеңес біліктілікті арттыру курстарынан өтіп келген мұғалімдермен іс-тәжірибе алмасу үшін курсаралық байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылады, – деп жауап берді.

Мектепішілік бақылау күшейтілуі тиіс

Мәжілісте өзінің ой-пікірімен бөліскен аудан мектептерінің арасында білім сапасы жоғары №9 орта мектебінің директоры Өтепберген Әділов:

– Білім саласы аса күрделі және көпшілікпен бірлесе отырып жұмыс жүргізетін ауқымды сала. Білім сапасын көтеру үшін ең алдымен мектепішілік бақылауды күшейту қажет. Ол үшін норматив бойынша мектеп басшылығы (мектеп директоры, оқу ісі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтар) сабаққа қатысып, талдау жасауы тиіс. Кабинеттерге бейнебақылау орнатудың да айтарлықтай әсері бар. Қазіргі таңда, білім жүйесінде негізгі нәтиже беретін төртінші, тоғызыншы және он бірінші сыныптар болғандықтан жұмыстың басым бағыты соларға бөлінеді, 1-3, 5-8, 10-сыныптарға мектепішілік қадағалау аздық етеді. Нәтижесінде, бастауыш сыныпта озат оқыған оқушыларға 5-8 сынып аралығында талап аз болады да, мектепті орташа оқушы ретінде аяқтайды. Сондықтан, барлық сыныптарға қадағалау бірдей болуы тиіс. Мұғалім өзінің 40 минуттық жұмысына аса үлкен мән беріп, басқа жұмыстарды екінші сатыға түсіру керек. Пән мұғалімі үшін 40 минут сабақтан үлкен жұмыс жоқ. Білім беруді ақпараттандыруға мән берген жөн. Ол үшін BilimLand сайтындағы І-mektep, І-test секілді бөлімдерді жиі қолданып, Kahyt бағдарламаларын мұғалімдердің пайдалануына жағдай жасаған абзал. Биологиялық бақшалар, географиялық аймақтар, математикалық фигуралар аймағы сияқты теория мен практиканы ұштастыратын жұмыстарды ұйымдастыру да сапа деңгейін көтеруге септігін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ, ата-аналармен әріптестік байланысты нығайту да күн тәртібінен түспеу қажет. Мектептегі жаңаша білім беруге оқытылған тренерлердің және Назарбаев мектептерінен І, ІІ, ІІІ деңгейлі курстардан өткен мұғалімдер басқа мұғалімдерге жетекшілік етіп, жаңартылған мазмұндағы білім беруді жаңаша оқытудың жолдарын үйретуі тиіс, – деді.

Сұраныс неге қадағаланбайды?

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Тұрар Әжіғалиевтің хабарламасынан білгеніміздей есепті мерзім ішінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Тайсойған ауылынан шағын ойын алаңы мен Миялы ауылынан мұз айдыны алаңы пайдалануға берілсе, Миялы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бес спортшысы «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын алды. Миялы ауылы бойынша аула, көше клубтарын қалыптастыру мақсатында спорт мектебінің жаттықтырушылары мен дене тәрбиесі мұғалімдерін тарта отырып, жұмыстар қолға алынуда. Бұл бастама басқа да ауылдық округтерге тәжірибе ретінде ұсынылады. Өткен жылы оқу ақысының қымбат болуына байланысты спорт мектебінің жаттықтырушылары біліктілігін арттыру курстарына жіберілмеген. Сондай-ақ, аудан көлемінде ұйымдастырылатын түрлі жарыстарға жол қатынасын сылтауратқан бірқатар округ командаларының қатынасуы төмен.

Жарыстарға қатысуы нашар округтің бірі Тайсойған ауылдық округі. Аудан басшысы аталмыш округ әкімі Әділет Шаймардановтан себебін сұрағанда ол:

– Оның басты себебі, жазғы маусымда жастар түрлі шаруашылықтармен қалаға немесе қырға кетіп ауылда болмайды. Көлік қатынасынан ешқандай мәселе жоқ, – деп жауап берді.

– Ауданда спорт жақсы дамығаны, түрлі жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүргені белгілі. Дегенмен, осындай басқосуда саладағы түйткілді мәселер де айтылуы тиіс деп есептеймін. Мәселен, Жангелдин, Қоныстану ауылдарындағы күрес залдарының төбелері құлап тұр. Міне, сол жерлерге жаңадан күрес мектебін салуға болмай ма? Бұл туралы ұсыныс бердіңіздер ме? – деп сұраған аудан әкіміне аталмыш бөлім басшысы бұл туралы облысқа сұраныс жібергенін, бірақ нақты жауап болмағанын айтты.

– Әрине, сұраныс жібересіздер. Жіберілген сұраныстарыңыз көп қағаздың ішінде еленбей қалып қояды да, ұмытылып қалады. Ал, біздің тарапымыздан жіберілген қағаздың артынан жан ашып іздеу жетіспейді. Бұл біздің кемшілігіміз. Сондай-ақ, қолда бар затты қадірлеп ұстап, тиімді пайдаланбаймыз. Мәселен, Миялы ауылындағы өткен жылы пайдалануға берілген мұз айдынында ешқандай шара өткізілмеді, – деді аудан басшысы.

Жұмыс тиянақты атқарылуы қажет

Бұдан кейін өткен жылы атқарған жұмысын баяндаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Базарбаев алдымен дін саласына тоқталды. Жыл ішінде дін бағыты бойынша теолог мамандардың қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер, дәрістер ұйымдастырылғанын тілге тиек етіп, Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық топ өкілдерінің жұмыстарын назарға ұсынып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын таныстырды. Сондай-ақ, биылғы жылы өтетін іс-шараларды тізбелеп шықты.

Мемлекеттік рәміздер бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталған бөлім басшысы ауданда мемлекеттік нышандарды стандартқа сай орналастырмаған үш мекеме бар екенін атап өтті. Нақтырақ айтқанда аудандық сот, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және мемлекеттік кірістер басқармасы ғимаратындағы маңдайшалары, Елтаңбасы осы күнге дейін ауыстырылмаған.

Баяндамадан соң аудан әкімі Арман Баженов:

– Ішкі саясат бөлімі аудандағы барлық салаларға араласу құқығына ие. Бөлімнің жұмысы арқылы тұрғындардың тыныс-тіршілігін, олардың ой-пікірлерін, қоғамдық-саяси көзқарастарын біліп отыруымыз қажет. Бұл ретте, яғни, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқардыңыздар? – деп сұрады. – Бұл бағытта Елбасы саясатын халыққа түсіндіру, Жолдауды насихаттау мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық топ ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылуда. Жастардың теріс діни ағымның жетегінде кетпеуі үшін теолог мамандармен жиындар өткізілді, – деп жауап берді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Базарбаев.

Осы тұста аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов.

– Әр ауылдық округтен жастармен жұмыс жасайтын жастар ұйымын ашу жөнінде айтылған еді. Бірақ, бұл тапсырма сөз жүзінде қалып отыр. Сондай-ақ, жергілікті аула клубтарын ұйымдастырып, тұрғындарды спортқа тарту да орындалмай отырған тапсырмалардың бірі, – деді.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов:

– Бүгінгі жиында көптеген мәселелер қаралып, талқыланды. Мұндағы мақсат – әр саладағы жетістіктермен бірге кемшіліктерді анықтап, жою жолдарын қарастыру. Әркім өз жұмысын тиянақты атқаруы тиіс. Өткен жиындардан байқап отырғаным берілген тапсырмалардың орындалмауы жиі кездеседі. Егер тапсырма орындалмаса оны біздер не үшін береміз? Уақытымызды кетіріп неге жиналыс жасаймыз? Сондықтан алға қарай берілген тапсырманы орындай алмасаңыздар, жұмыс жасайтын адамға орындарыңызды босатасыздар, – деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521