Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Бастау бизнестің» бесінші кезеңі басталды

Соңғы жылдары кәсіп ашамын деген адамға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде.

Соның бірі – «Бастау бизнес» жобасы. Кәсібі жоқ, жұмыссыз адамдарды оқытып, артынан төмен пайызбен несие беріп, кәсібін ашуға мүмкіндік туғызатын бұл жоба біздің ауданда да үлкен сұранысқа ие. «Бастау бизнес» жобасының аудандағы координаторы Салиха Макимова айтуынша 2017 жылы 253 адам жобаға қатысып, оның 24-і былтыр, 9-ы биыл несие алып, кәсіптерін бастаса, биыл оқыған 124 адамның бесеуі өз істерін бастап, аудан кәсіпкерлерінің қатарын толықтырып отыр.

Соған сай, өткен аптаның жұмасы күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында «Бастау бизнес» жобасының бесінші кезеңінің ашылу салтанаты өтті. Оған облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры, оның орынбасары, жобаны өткен жылы бітірген түлектер, кәсіпкерлер және жаңа кезеңнің оқушылары қатысты. Жиынды ашқан аудандық Кәсіпкерлер палатасының директоры Алтынзер Баймұратова жиналғандарды келген қонақтармен таныстырып өтті. Содан кейін сөз алған облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов:

– Қазіргі таңда заман дамыған сайын кәсіптің де жаңаша түрлері шығып жатыр. Алайда, көп адам сол кәсіпті қалай ашу керектігін білмей жатады. «Бастау бизнес» жобасы сондай жандарға арналған. Бұл жобаның тиімділігі – жобаны оқығаны үшін берілетін сертификат екі жылға пайдаға асады. Сол сертификат арқылы несие алғанда жеңілдікке ие бола аласыздар. Сонымен қатар, біздің Кәсіпкерлік палатасы оқыған адамдарды бір жыл бойы кәсібін ашып, аяққа тұрып кеткенше көмек береді. – деді. Сондай-ақ, аталмыш жиында сөз алған облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары Серік Сәрсекенов аталмыш жоба төрт түлігін түлетіп отырған Қызылқоға ауданы үшін аса маңызды екендігін жеткізді. Содан кейін, аталмыш жобаны бітіріп, несиесін алып, бүгінде өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер Бақтыгүл Темірбаева, Әділбек Нысанбаев, Жұмабай Кадуовтар сөз сөйлеп, бағдарламаның тиімді жақтарын атап өтті. Ал, «Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің» аудан бойынша төрағасы Октябрь Нурадинов болса, ең алғаш 2003 жылы кәсіп бастағанда дәл мынандай қолдаулар болмағанын, несие алу үшін талай есікті тоздырған қиындықтарын айтып, жас кәсіпкерлерге жағдай жасалып тұрғанда мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырды. Осы орайда, айта кетейік, «Бастау бизнес» жобасының бесінші кезеңіне 15 адам оқуда. Оларға дәріс беруші бизнес тренер Тараз қаласынан келген Жаңабек Сыдыманов.

Салтанатты шара одан әрі «Арай» кафесінде жобаға қатысушы кәсіпкерлердің өнімдері қойылған көрмемен жалғасты. Көрмеге жиырмаға жуық кәсіпкердің түрлі өнімдері қойылыпты. Оның ішінде жолаушы тасымалы, тігін цехы, жиһаз жасау, ұн және сүт өнімдері дейсіз бе, не керектің бәрі бар. Облыс орталығынан келген қонақтар Жұмабай Кадуовтың ұн өнімдерін, Анар Тұрашеваның тігін цехынан шыққан бұйымдарын, Әділбек Нысанбаевтың бейнеге түсіру құрылғыларын, Ғалым Тельманов пен Ришад Айтжановтың жиһаз өнімдерін және тағы басқада кәсіпкерлердің жұмыстарымен танысып, оң бағаларын берді.

Дулат МӘТЖАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521