Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бақдәулет – үздік шабандоз

Жақында Қызылқоға аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясының былтырғы жылды қорытындылаған жиналысы өтіп, алда жасалатын жұмыстарды талқыға салды.

Алдымен, сөз алған Қызылқоға аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Қайырбек Баймұратов аталмыш жиналыстың ұйымдастырылу себебін түсіндіре келіп, федерацияның құрылғанына үш жыл болса да біраз жұмыс атқарылып, біршама жетістіктерге жеткендігін, ат спорты бүгінде өте жақсы қарқынмен дамып келе жатқандығын тілге тиек етті. Одан соң, сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Баженов аудандағы ұлттық спорт түрлері федерациясының жасап жатқан жұмысына оң бағасын беріп, ат спортын дамытуға әрдайым қолдау білдіретіндігін жеткізді. Бұдан кейін аудан басшысы жаратқан сәйгүлігі талай дүбірлі додаларда жүлде алған атбегі Нұрлан Мұратұлын «Үздік атбегі – 2018» номинациясымен марапаттаса, жастайынан ат құлағында өскен шабандоз бала мұқырлық Бақдәулет Тұрланұлына «Үздік шабандоз – 2018» атағын табыс етті. Ал, ат спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген мұ-қырлық Сүндет Қойлыбаев пен Сайфолла Нұрбергенұлы Қызылқоға аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Қайырбек Баймұратовтың алғыс хатына ие болды. Өз кезегінде мұқырлық ат спортының жанашырлары Қайырбек Бағытжанұлына ұлттық спортты дамытудағы еселі еңбегі үшін естелік сыйлық табыс етті. Жиын барысында әнші Зәуре Жұмағалиева мен Раушангүл Стомма тамылжыта ән салса, домбырашылар триосы күмбірлете күй тартты.

Айта кету керек, былтырғы жылдың қорытындысымен «Үздік шабандоз – 2018» атағына ие болған он үш жастағы Бақдәулет Тұрланұлы үш жасынан бастап әкесінің тәрбиелеуімен атқа отырып, ат жалын тартып мінуді үйренеді. Жастайынан ат ерттеуді жете меңгерген ол ширақ қимылымен көзге түсіп, алты жасында тай жарысына, сегіз жасында аламан бәйгеде мықты шабандоздығымен көзге түсіп, түрлі аудандық, облыстық, аймақтық, республикалық дүбірлі додаларда жүлделі орындарды қанжығасына байлап келеді. Әрине, бабын келістіріп бәйгеге қосқан атыңның топ жаруына шабандоздың ықпалы зор екендігін ескерсек, бұл орайда жастайынан ат құлағында ойнаған Бақдәулеттің шоқтығы биік. Ендеше, жылқы десе жүрегінде жалын, көзінде от ойнап тұратын Бақдәулеттей шабандоз балалар көп болса игі дейсің.

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521