Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауылдың халқы ауыз суға зәру

«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші бүгінгі көтерер мәселеміз – жыл сайын айтыла-айтыла жауыр болған, десе де өз өзектілігін жоғалтпаған ауыз су мәселесі.

Жаз шығысымен аудан халқының басты уайымына айналатын ауыз су «жыры» биыл мамыр айының ортасында басталды. Алдымен тұщы судың тапшылығына байланысты ауыз су кестемен берілетін болды. Алайда, оған разы болмаған тұрғындар кестемен берілген су қысымының аздығына, уақыттың қысқалығына, судың сапасына сын айтып, аудан әкімдігінің «Телеграмм» парақшасына және басқа да әлеуметтік желілерде ашына жазды. Редакциямызға да оқырмандар жиі хабарласып, ауыз су мәселесі жайында біраз пайымды пікірлерін алға тартуда. Осы орайда біз де аудандағы ауызсу мәселесі бойынша жауапты мамандар мен тұрғындардың пікірін тыңдап, аталмыш тақырыптың астарына үңілгенді жөн санадық.

 

Бұл қашанға дейін созылады?

Жаз болса болды алаңдайтынымыз – осы ауызсу. Жыл сайын қайталанатын бір жағдай. Алдымен судың қысымы азаяды. Сосын уақыты шектеледі. Күніне екі мезгіл жүргенімен оның өзі сыздықтап ағады. Кей кезде шелегімізге толтырып үлгермей қаламыз. Үйімізге сырттан қонақ келе қалса ұят. Аудан орталығында тұрып, суға зар болып отырғанымыз сырт көзге ыңғайсыз көрінетіні белгілі. Өкінішке орай, қарыштап дамып жатқан жиырма бірінші ғасырда осылай күн кешуге мәжбүрміз. Бұл қашанға дейін созылады? Неге жыл сайын бір жағдай қайталанады? Былтырғы жылы суды екі сағаттан берсе, биыл соны үш сағатқа көбейтіп, жыл сайын жағдайды жайлап болса да жақсарта бермей ме?! Сонда ғана басшылардың жасап жатқан жұмыстары көрінеді. Ал, мынау баяғы жартас бір жартас. Жаз халықтың нағыз сусайтын кезі. Ең болмаса шілденің шіліңгірінде сусыз қалмасақ екен.

Күміс ҚАЖЫҒАЛИЕВА,

Миялы ауылының тұрғыны.

Уақытпен беруге мәжбүрміз

 

Жаз айы нағыз қарбалас уақыт. Біреу құрылыс салады, біреу бау-бақша егеді. Соның бәрі суды қажет етеді. Ал, тұрғындар өкінішке орай, ауызсуды жаңағыдай қосымша мақсатта пайдалану салдарынан жазда суға сұраныс екі есе артады. Мысалы, жаздан басқа мезгілдерде Миялы ауылына халқына 272 текше метр (тонна) ауызсу молынан жетсе, жазда бұл көрсеткіш 544 текше метрге (тонна) дейін жетеді. Ал, біз халыққа суды 24 сағат үзіліссіз берер болсақ қажетті мөлшерде су жинау, су беру құрылғылары мен насостардың қалыпты жұмыс жасауына өз кесірін тигізеді. Аталмыш құрылғылар бұзылған жағдайда ауызсу беру мүлдем қиындап кетеді. Сондықтан, арнайы кесте бойынша беруге мәжбүрміз. Қазіргі таңда, «Миялы-Жангелдин-Жасқайрат» топтық су құбырымен берілетін ауызсу Миялы мен Жангелдин ауылдық округтеріне таңғы сағат 06:00-08:30 аралығында, кешкі сағат 19:00-21:30 аралығында кестемен беріліп отыр. «Индер-Миялы» топтық су құбырымен берілетін ауызсу Ойыл, Тайсойған, Тасшағыл және Жамбыл ауылдық округтеріне тәулік бойы үзіліссіз берілуде. Себебі, бұл топтық су құбырының мүмкіндігі де зор, су қоры мол. Тағы бір кілтипан ауылдағы кей тұрғындар үйлеріне су сору қондырғысын (насос) орнатып алған. Соның салдарынан су айдау стансасынан алыс орналасқан Миялы ауылындағы Е.Нұршаев ықшам ауданы мен автобаза ауылдарына су қысымының жетпей қалу фактілері орын алуда. Алайда, солай екен деп біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Ауызсуды тұрақты үзіліссіз беру үшін де жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, алдағы уақытта Миялы ауылы тұрғындарының бау-бақша, мал суару мен құрылыс жұмыстарын жасау үшін Ойыл өзенінен жазғы су құбыры тартылса ауызсуды тұрақты беруге мүмкіндік туады.

Сонымен қатар, былтырғы жылы халық игілігі үшін Миялы ауылындағы су айдау стансасына «Мембранная технология УОВ-60» қондырғысы алынып, орнатылды. Алайда, оны мемлекеттік сатып алу порталынан ұтып алған жеке кәсіпкер әлі іске қосқан жоқ. Егер сол қондырғы қосылып, жұмыс жасайтын болса ауызсу мәселесінің біраз түйіні шешілері хақ. Қорыта айтқанда біз халықтың жанайқайын түсінеміз. Алайда, тұрғындар да бізді түсінуі керек. Жаз айындағы ауызсуға деген мөлшерден тыс сұраныс біздің қондырғылардың жұмыс жасауын екі есе күшейтеді. Үздіксіз сумен қамтимыз деп бәрін қосып қойсақ, құрылғылар істен шығып, қолдағы бардан айырылып қалуымыз мүмкін. Сөз соңында айта кетейін ауызсу мәселесі бойынша түрлі сұрақтар мен ұсыныстар болса біздің есігіміз ашық. Келе алмайтындар 2-15-49 телефоны арқылы көкейдегі сұрақтарын қоюға болады.

Сайлаубек ТЕМІРҒАЛИЕВ,

«Қазсушар» РМК-ның Атырау облысы

филиалы Қызылқоға өндірістік учаске басшысы.

 

Суды Тайсойғаннан тарту керек

Бұл ауызсу мәселесі қай-қай заманда да өз өзектілігін жоғалтпаған түйіткілді мәселе ғой. Бұл мәселе маған да жат емес. Себебі, осы салада отыз жылға жуық еңбек еткен жанмын. Осы су шаруашылығы саласының ардагері есебінде айтарым түйінді шешу үшін ұңғымалардың жұмысын реттеу керек. Аудандағы су шығарып отырған барлық ұңғымаларды ретке келтіріп, жұмысын жүйелеген абзал. Олар сағатына қандай мөлшерде су береді, су айдау көлемі қандай, әр ұңғыманың тәуліктік жоспары неше? Міне, соның бәрін мұқият есептеп, ауызсуды жазда қалай, қыста қалай жіберуге болатынын шығаруға болады. Сондай-ақ, тығырықтан шығатын тағы бір жол – Тайсойғанның су қоры. Қазіргі таңда Тайсойғанның су қоры мол. Ең болмаса Жангелдин ауылын осы Тайсойғаннан келетін су құбырына қосса, сонда «Миялы-Жангелдин-Жасқайрат» топтық су құбырын тек Миялы ауылдық округі пайдаланып, тиісінше су мөлшері де көбейеді. Сол кезде ауызсуды үздіксіз беруге мүмкіндік туады. Осы айтылған екі нұсқаны орындасақ біраз түйінді шешуге болады. Барлығы уақыттың еншісінде. Әрине, жасалып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Тек сабырмен күтіп, жұмыстың нәтижелі болуына тілектестік білдірейік.

Хамидолла ӘБДІРАХМАНОВ,

су шаруашылығы

саласының ардагері.

 

Тексеріс оң нәтиже берді

Аудандағы ауызсу мәселесі туралы айтқанда оның сапасы туралы да сөз болатыны белгілі. Маман есебінде айта кетейін біз су шаруашылығы мекемелеріне жылына бір рет жоспарлы тексеру жүргізе аламыз. Ол кезде химиялық және бактерологиялық тексерулер жүргіземіз. Бұл тексеріс биыл мамыр айында өтті. Биылғы жылы тексеріс нәтижесінде аудандағы ауызсудың кермектілігі (судың ащы, тұщылығын анықтайтын көрсеткіш) 1,7 моль/дм 3 болып шықты. Заңдылық бойынша ауызсудың кермектілігі 7 моль/дм 3 аспауы керек. Демек, аудандағы ауызсу ішуге жарамды. Одан бөлек, әр ай сайын өндірістік бақылау «Ұлттық сараптама орталығының» Қызылқоға аудандық филиалы қызметкерлері де ауызсу сапасын тұрақты тексеріп отырады. Сондай-ақ, арнайы мамандардың бақылауымен бір жылда екі рет көктем және күз мезгілдерінде ауызсуды залалсыздандыру (дизенфекция) жұмыстары жүреді. Басын ашып айтатын мәселе – біздің мекеме кез келген уақытта барып ауызсу сапасын тексере алмайды. Ол үшін алдын ала бір ай бұрын хабарлама береміз. Су шаруашылығы мекемесі біздің мамандар барғанша кемшілікті жойып қоя алады. Қосымша айта кетейін егер тұрғындар су сапасына көңілі толмаса үлкен қалаларда лицензиясы бар, аккредитациядан өткен арнайы зертханаларға барып, тексерте алады.

Алтынгүл АЙМҰРАТОВА,

аудандық қоғамдық денсаулық

сақтау басқармасының басшысы.

 

Сағызда да жағдай мәз емес

Ауызсу мәселесі ауданымыздың бас қақпасы саналатын Сағыз ауылдық округінде де өзекті болып отыр. Сегіз мыңға жуық тұрғыны бар сағыздықтардың бір бөлігі кестемен берілетін судың өзіне зар болып отырғанын айтады. Сағыздағы жағдайды көзбен көру үшін өткен аптаның сенбісі күні арнайы барып қайтқан едік. Сағыз ауылында халықты ауызсумен қамтып отырған екі мекеме бар. Оның бірі «Садықов» ЖК сенімгерлікпен басқаруға алған «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбыры мекемесі болса, екіншісі «АтырауТеміржолЖылу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Сағыз бөлімшелік учаскесі. Алғашқысы халыққа суды құбыр арқылы таратса, екіншісі төрт тонналық су таситын көлікпен жеткізеді. Халықтың басым бөлігі «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбыры мекемесінің ауызсуын тұтынады. Алайда, ауызсудың берілуі тұрғындардың көңілінен шықпай отыр. Соған сай, біз Сағызға жасаған сапарымызда жауапты мекеме басшыларымен, тұрғындармен кездесіп, екі жақтың да пікірін білген едік.

 

Тамшы да тамбай қалды

Қазір біздің сусыз отырғанымызға екі айдай болып қалды. Соңғы рет мамыр айында жүрген шығар. Міне, содан бері тамшы да тамбай қалды. Неге, бұған кім кінәлі? Сол баяғы үйлердің қашықтығы, биікте орналасуы, қысымның аздығы. Менің ойымша бұған табиғи емес адами фактор кінәлі. Су басшылығында отырғандардың халықпен етене араласып, жұмыс жасамауы себеп. Оларға айтқызсаң халық суды орынсыз пайдаланады, малын суарады деп құтылады. Қыс бойы малға да, адамға да жетіп тұрған су жазда жетпей қалады екен. Қазір халықтың көбі бойдақ малдарын ауылдан тыс жерде, қырға қосып жіберген. Мал қыстағыға қарағанда аз. Ал, бірақ су жоқ. Мына біз су ішіп отырған Керегенде үш ұңғыма бар екен. Сол үңғымалардағы су Сағыз, Мұқыр, Жамансор, Жантерекке дейін барады дейді. Енді басшылар ұңғымаларды тиімді пайдалану жолдарын қарастыру керек. Мәселен, біз су ішіп отырған «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбыры мекемесінің басшысы Рақымжан Сүйеуғалиев Сағыз ауылына күніне 320 тонна су беріп отырмыз дейді. Бұл шынымен беріліп отыр ма? Өткенде бір жиналыста беріліп жатқан суды бақылау үшін комиссия құру жөнінде ұсыныс айттым. Құрамына халық арасынан біреу, әкімшіліктен біреу, су мекемесінен бір адам кіргізіп, тұрғындарға тұтынатын суды бақылайық дедім. Алайда бұл ұсынысқа су мекемесінің басшысы келіспеді. Халықтан неге қашады, нені жасырады түсінбедім.

Дәлубай АХМЕТОВ,

ауыл ақсақалы.

 

Тұрғындар түсіністік танытса екен

Сағыз ауылындағы ауызсу мәселесі күрделі болып тұрғаны рас. Жаз басталғанда суға деген сұраныс екі-үш есеге дейін артатыны белгілі. Соның салдарынан су тапшы болып қалады. Кереген су айдау, өндіру бекетінен тек Сағыз ғана емес Мұқыр, Жантерек, Жамансор ауылдары да су ішіп отыр. Ал, бізде бар-жоғы үш ұңғыма (скважина). Күніне Сағызға 310-320 тонна, Мұқырға 270-280 тонна, Жамансорға 50 тонна, Жантерекке 20 тонна су жібереміз. Біздің мекеме төрт ауылды сумен қамту үшін 2020 жылға дейін «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын аудан әкімдігінен сенімгерлікпен басқаруға алып отыр. Біз кесте бойынша су жібергенде су айдау стансасына жақын кей тұрғындар құдықтарын толтырып алады да, алыс аймақтағы үйлерге жетпей қалады. Тағы бір мәселе «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша салынған ауылішілік құбырлардың диаметрі 110. Құбырлардың кішкентайлығы су айдау кезінде үлкен әсер етеді. Ал, негізінде құбыр диаметрі 210, ең кемінде 160 болуы керек. Мұны сылтау үшін айтып отырған жоқпыз. Шынайы себептері осы. Ауызсу мәселесін жақсарту үшін әлі де болса үш-төрт ұңғыма қазу керек шығар. Жақында аудан әкімі Арман Баженов ауылға келіп, жиналыс жасағанда №3 ауылдағы 340 үйді сумен қамтуды «АтырауТеміржолЖылу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Сағыз бөлімшелік учаскесіне беру туралы ұсыныс айтылды. Меніңше орынды ұсыныс. Бұл ұсыныс жүзеге асса Сағыздың қалған бөлігін біздің мекеме ауызсумен қамти алады.

Рақымжан СҮЙЕУҒАЛИЕВ,

«Кереген-Сағыз-Жамансор»

топтық су құбыры мекемесінің басшысы.

 

 Ортақ мәселе – оңтайлы шешім

Сағыз ауылындағы ауызсу мәселесімен етене таныспыз. Соған орай біздің мекеме арнайы төрт тонналық екі су таситын көлікпен тұрғындарға тұщы су тасып жатыр. Бір көлік су – 2200 теңге. Біздің негізгі су көзіміз – Ноғайтыдан алынады. Одан бөлек біздің мекемеде төрт ұңғыма бар. Содан өнген суды теміржолшылар мен тұрғындарға жеткізіп отырмыз. Жақында, Сағызға аудан әкімі Арман Баженов келіп, су мәселесін шешу үшін біздің мекемеге №3 ауылды сумен қамту жөнінде ұсыныс айтты. Біз бұл ұсынысты құптаймыз әрине. Өйткені, Керегеннен шығатын су Сағыз ауылына толықтай жетпей отыр. Сондықтан, «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбыры мекемесімен келісім шарт жасалып жатыр. Құжаттары бітсе біз жұмысты бастауға дайынбыз. №3 ауылдағы 340 үйге күніне екі сағаттан үш мезгіл су беруге мүмкіндік бар. Осылайша, ауылда қалыптасқан түйіткілдің түйінін шешуге жұмыстанып жатырмыз.

Сағытжан ДОСЫМБАЕВ,

«АтырауТеміржолЖылу» жауапкершілігі шектеулі

серіктестігі Сағыз бөлімшелік учаскесінің басшысы.

 

Су айдау стансасында болды

Аудандағы ауызсу мәселесіне алаңдаған ауданның бір топ атқамінерлері сейсенбі күні аудан орталығындағы Миялы су айдау стансасында болып, станса жұмысымен танысты. Құрамында аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнанов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жаубасар Мұхамбетов, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің директоры Мырзабай Борашев, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Роман Кәдірғалиевтар бар топ су айдау стансасының ішін аралап, жұмыс барысын көзбен көріп қайтты. «Қазсушар» РМК-ның Атырау облысы филиалы Қызылқоға өндірістік учаске басшысы Сайлаубек Темірғалиев: – Станса қазіргі таңда Миялы мен Жангелдин ауылдық округтеріне су айдап тұр. Алайда, жазда қалыптасқан ахуалға орай суды таңертең және кешкі мезгілде екі мәрте айдайды. Стансаға қарасты алты ұңғыма іске қосулы тұр. Тек бір әттеген-айы стансаға «Мембранная технология УОВ-60» қондырғысы алынғанымен оны ұтып алған жеке кәсіпкер әлі іске қосқан жоқ. Оны қостыру аудандық құрылыс бөлімі арқылы жүзеге асады. Жалпы станса қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. Алайда, су айдау стансасы кей кездері алыс және биік орналасқан үйлерге су жеткізе алмайды. Оған себеп кейбір тұрғындар үйлеріне су сору қондырғысын орнатып алып, құбыр бойындағы суды сорып алуда. Соның салдарынан су жетпей қалу оқиғалары болып тұрады. Ол үшін үйлердегі су сору құрылғысына тыйым салу керек. Алайда, оған біздің мекеменің құқығы жоқ. Біз тек дайын суды халыққа жеткізумен айналысамыз, – деді. Содан соң, аудандық мәслихат хатшысы бастаған топ учаске басшысына көкейдегі сауалдарын қойып, қалыптасқан ауызсу мәселесін шешу жайлы кеңесті. Сол жерде ауызсуды тиімді пайдалану жайы да сөз болып, бұл орайда учаске басшысы ауызсуды тұрғындар да үнемді пайдаланса деген тілегін жеткізді.

Дулат БЕРІК.

 

Халықпен неге санаспайды?

Сағыздық ағайынның да айтар өтініш, артар өкпесі – ауызсу. 24 сағат үзіліссіз бер демей-ақ қояйық. Тек күнделікті суымызды өзімізге кестемен болса да жеткізіп отырса болды. Біз осы уақыты шектеулі, кестемен берілетін судың өзіне зар болып отырмыз. Мысалы менің үйіме наурыз айынан бері дұрыс су келген жоқ. Суды сұрасақ айтатындары «Сіздің үйіңіз биік нүктеде тұр» деген жауап. Сонау, Жамансор, Жантерекке жетіп жатқан Керегеннің суы ауыл ішіндегі біздің көшеге жетпей қалғаны ма?! Рас, менің үйім сәл биіктеу, қырда орналасқан. Су біздің үйге келсе, көршілердің бәріне барады деген сөз. Бұл орайда айта кетейін менің жеке өз басым ауызсуды су таситын көлікпен де құйдырып аламын. Бірақ, меннен басқа да халық бар ғой. Елдің бәрінің су құйдыратын жағдайы жоқ қой. Су мекемесіндегі басшылардың айтатын сылтауы – күніне адам басына 40 литр су керек. Біз соны жіберіп отырмыз деп ақталады. Ал, әлгі 40 литр деген көрсеткіш қайдан шықты, өкім, шешім, қаулы сияқты қағазын сұрасақ жауап бермейді. Сөйтіп бір жиналыс-та оның да жауабын таптық. Адам басына 40 литр деген баяғы Кеңес үкіметі тұсында көшелерге қойылатын су колонкасының тарифі екен. Сонда біз әлі ескіліктің сарқыншағымен жүр екенбіз. Елбасымыз өзі бастап жаңарамыз, жаңғырамыз деп жатқанда су шаруашылығы басшыларының жасап отырған тірлігі мынау. Неге басшылар қолдағы бар суды халыққа жіберіп, одан артылғанын ауылды көгалдандыруға жұмсап, ел үшін білек сыбана жұмысқа кіріспейді. Қазір Сағыз ауылын аралап қарасаң жаңадан егіліп, жайқалып өсіп келе жатқан шыбықтарды көрмейсің. Бұның бәрі судың тапшылығы салдарынан. Сондықтан, айтарым басшылар халықпен санасып жұмыс жасасын. Барлық мүмкіндікті іске қосып халыққа ауызсуын беріп, ауылды көркейтуге үлес қосуы керек.

Есет САКУПОВ,

Сағыз ауылының тұрғыны.

 

Түйін: Миялы мен Сағыз ауылында қалыптасқан ауызсу мәселесінің жалпы бағыты осы. Өздеріңіз көргендей екі тараптың да пікірін беріп отырмыз. Қарап отырсақ екі жақтың да айтуы орынды. Тұрғындар ауызсуды талап етсе, суға жауапты мекеме басшылары «қысқа жіптің күрмеуге келмейтінін» айтады. Алайда, басы ашық бір нәрсе – халық сусыз отырмауы керек.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521