Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауыл әкімдері неге үнсіз?

Өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімдігінде кейбір дербес бөлім басшылары өткен жылы атқарған және биылғы жылы жасалатын жұмыстары туралы есеп берді. Аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысқан жиынды аудан әкімі Арман Баженов жүргізіп отырды.

Ақпараттың ашықтығы қажет

Алдымен есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстары туралы баяндаған аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әсет Әбдіғалиевтің айтуынша, өткен жылы аудан бойынша балабақшаның, тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайда-лануға берілсе, ауылдық округтерде салынып жатқан мәдениет үйі, мектеп, балабақша, ауылдық округ әкімі ғимаратының құрылыс жұмысы биылғы жылы аяқталады. Сондай-ақ, қолға алынған тоғыз жобаның сегіз жұмыс жобасына сараптаманың оң қоры-тындысы шықса, бір жобаға сараптама жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудандық құрылыс бөлімі биылғы жылы Миялы, Сағыз және Мұқыр ауылдарына инженерлік-коммуникациялық инф-рақұрылымның құрылысын салу, барлық ауылдық округтердің орталығынан жануарларды вете-ринариялық өндеуге арналған өткелек құрылысын салу жұмыстарын қолға алып, бірқатар құрылыс нысандарына жобалық-сметалық құжаттамалар жасақтауды жоспарлап отыр.

Баяндамадан соң аудандық мәслихат депутаты Альберт Аққайнанов:

– «Қарасу» жер асты су ұңғымасы арқылы берілетін ауыз суды тазартатын қондырғыны іске қосу жұмыстарын уақытында бітірмегені үшін мердігер мекемеге қандай шара қолданып жатырсыздар? – деп сұрады. Түрлі себептермен мін-деттеріне алған жұмысты аяқтамағаны үшін мердігер мекеменің ісі сотқа беріліп, тапсыру уақыты бойынша өсімақы есептеліп жатқанын тілге тиек еткен аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әсет Әбдіғалиев:

– Биыл құрылыс нысаны қабылданғаннан кейін, есептелінген өсімақыны өндіру үшін тағы да қосымша сотқа беріледі, – деп жауап берді.

Осы тұста аудан басшысы:

– Мердігерлердің өз міндеттерін адал атқармауы себебінен кейбір жобалар уақытында орындалмайды да, тұрғындардың ашу-ызасын тудырады. Сондықтан, ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуде аяқталмай жатқан жұмыстардың себебін халыққа түсіндіріп, хабардар етіп отыруды қолға алу қажет. Сондай мәселенің бірі – Тайсойған ауылындағы бұрынғы округ әкімдігі ғимаратын балабақшаға ауыстыру жұмысы. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?, – деді. Аудан басшысының сауалына бөлім басшысы Әсет Әбдіғалиев:

– Округ әкімдігінің бұрынғы ғимаратын балабақшаға айналдыру бағытында жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамаға ұсынылған болатын. Бірақ, сараптама қорытын-дысымен ғимарат апатты жағдайда деп танылып, жарамсыз деген жауап келді. Енді, жаңадан ба-лабақша салу жоспарлануда, – деп жауап берді.

Жоспарсыз жұмыс нәтиже бермейді

Ал, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жанар Әжіғалиеваның хабарламасынан білгеніміздей, өткен жылы аудан бойынша жаңадан құрылыс салу үшін 30 тұрғын үйге және 49 мекемеге жер беру актісі дайындалып, Мұқыр ауылынан 4700 метр, Сағыз ауылынан 6780 метр ауылшілік жол құрылысын жүргізу үшін және Қоңыраулы, Былқылдақты, Кенбай, Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ елді мекендеріне ауылішілік газ желісін жүргізу үшін жер телімдеріне алғашқы құжат берілді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырмасымен Миялы ауылының солтүстік-шығыс бетінен кіші авиацияға және тікұшаққа арналған ұшу-қону алаңы үшін 400000 (200х2000) шаршы метр жер телімі белгіленді.

Облыс әкімінің зираттарды қоршау туралы тапсырмасының орындалысын ауылдық округ әкімдерінен сұраған аудан әкімі Арман Баженов олардан мардымды жауап ала алмаған соң:

– Ауылдық округ әкімдері мен бөлімдердің арасында ешқандай байланыс жоқ секілді. Округ көлеміндегі жұмыстарды атқару Сіздердің тікелей міндеттеріңіз. Атқарылатын жұмыстар бүгінгідей жиындарда немесе облыс, аудан басшыларының, мәслихат депутаттарының аралауынан кейін туындамауы қажет. Оған дейін Сіздердің тараптарыңыздан түскен ұсыныстар арқылы іске асуы тиіс. Біреудің тәртіп беруімен жасалған жұмыс жұмыс болмайды. Мәселен ешкім тапсырма бермесе жұмыс істелмей ме?, – деп қынжылыс білдірді.

Аудандық мәслихат депутаты Сайлаубек Темірғалиев:

– Бұрын тұрғындар үй құрылысын салғанда су желісін жүргізу үшін берілетін рұқсат бүгінгі күні инженерлік-инфрақұрылым жұмыстары жүргізілетін болғандықтан алынып тасталды. Ауыл ішінен бос жерлерге құрылыс нысанын салуға жер берілсе, су желісін жүргізу үшін рұқсат алу қайтадан іске қосылғаны абзал. Өйткені, сызбасыз жүргізілген су желілері кейбір кездері жұмысқа кедергі келтіруде, – деген ұсынысын білдірді.

Әуежай алаңы салынады

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Роман Кәдірғалиевтің айтуынша, өткен жылы жол жөндеу жұмыстарына 1 289 821,8 мың теңге қаржы қаралып, оған Тасшағыл (4 383 метр), Қаракөл (2752 метр), Қарабау (6347метр) ауылдарына кірме жолы мен ауылішілік жолдары жүргізілсе, Сағыз (6800 метр) және Мұқыр (4700 метр) ауылдарына кірме жол, ауылішілік жолын салуға жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Ал, биылғы жылы Сағыз ауылының 3 ауылындағы электр желілерін ауыстыру үшін 2,5 миллион теңге бөлініп, жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталса, Миялы ауылынан әуежай, такси тұрақтары құрылыстарын салуға, жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау жұмыстары жүргізілуде.

Аудандық мәслихат депутаты Мәлік Сүлейменов баяндамашыға:

– Кереген жер асты су қорына қосымша ұңғыма (скважина) орнату мәселесі қалай шешіліп жатыр?, – деп сұрақ қойды.

Депутаттың сауалына бөлім басшысы Роман Кәдірғалиев:

– Өткен жылы Кереген жер асты су қорына үш ұңғыма орнату үшін жобалау-сметалық құжат-тамасын дайындауға бөлінген қаражаттың аз-дығынан порталға ешкім түспеді. Сондықтан жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға қосымша қаржыға сұраныс берілді, – деп жауап берді. Сонымен бірге жиында аудан әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиев: – «Қарабау-Миялы» газ магистралінің бойынан Жангелдин ауылына баратын газ құбырының диаметрі 60 милиметр болғандықтан, ауыл тұрғындарына қалыпты газ беру жұмыс жасауына кедергі келтіруде. Бұл мәселені басты магистральдан Жангелдин ауылына кіретін 1800 метр болатын полиэтилен құбырын диаметрі 110 милиметрлік полиэтилен құбырына ауыстыру арқылы шешуге болады, – десе, аудандық электрмен қамту орталығының басшысы Аманбек Әбділдиев:

– Елді мекен арасындағы және ауылішілік жол құрылысын салғанда кейбір электр желілерін қиып өтетін тұстары стандартқа сәйкес келмейді. Яғни, кейбір биік жүк көліктері жүргенде электр желісіне тиіп, апаттық жағдай тудырады. Сондықтан, жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталғанда осы мәселе ескерілсе игіу, – деген ұсынысын жеткізді.

Бөлімдердің есеп беру жиынын қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов:

– Бүгінгі жиында айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, құзіретімізге кіретін мәселелерді орындауға жұмыстанамыз. Ал, күрделі мәселелерді тиісті орындар арқылы шешуге ықпал етеміз. Осындай жиындарда ауылдық округ әкімдері ұсыныстарын айтып, сауалдарын жолдау қажет еді. Өкінішке орай, олардың тарапынан бүгінгі күні қозғалыс болмады. Олар тек бұл жиынға уақыт өткізу үшін келген секілді. Бұлай жұмыс жасау мүмкін емес. Сондықтан, алдарыңызда тұрған міндеттерді айқындап алып, жүйелі жоспар бойынша жұмыс жасауларыңыз қажет, – деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521