Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қарабаудағы қазба жұмыстары

Газетіміздің №25 (7073) 21 маусым 2018 жылғы санында штаттан тыс тілшіміз Гүлжан Тоқмурзинаның «Қарабау – 4» Сарматтардың мекені» деген тақырыпта хабарламасы шығып, онда Қарабау ауылында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқандығы жазылған еді.

Ендеше, оның нәтижесі қандай? Біз бүгін осы сұраққа жауап беретін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Атырау өлкесі тарихы, археологиясы және этнографиясы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахметтің жолсапар мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Өлкедегі тарихи орындар Қарабауға баратын жол екі бағытпен келеді. Бір бағыты: Атырау – Индер – Қарабау болса, екінші бағыты: Атырау – Доссор – Қарабау болып келеді. Атырау – Индер – Қарабау бағыты 300 шақырым. Атырау – Доссор – Қарабау бағыты 200 шақырым. Айта кету керек, Қарабау – Қаракөл, Миялы бағытына баратын жолаушы таситын автокөліктер Доссор арқылы жүреді. Себебі, Доссордың жолы жақын, 100 шақырымға айырма бар. Біз, өзімізге тиімді екінші бағытты таңдадық. Археологиялық қазба жұмыстары Қарабау ауылынан 15 шақырымдай жерде жүрді. Қарабау ауылында 247 үй, 1300 тұрғын бар. Алдымен біз ауыл әкімі Қанат Қайруллиннің қабылдауында болып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, келген мақсатымызбен таныстырдық. Ауыл әкімі біздің іс-шарамыздың келешек ұрпақ үшін аса қажетті шара екендігіне мән беріп, қолдайтындығын, қолдан келгенше көмегін аямайтындығын жеткізді. Әрине, дала жағдайында, әрі күннің ыстығы кезінде әкімнің көмегі керек-ақ. Ол бізге ауызсу, күнделікті азық-түлік (әсіресе нан) мәселесін оңтайлы шешіп берді. Қазіргі Қарабау ауылының айналасы, біріне-бірі жалғасып жатқан тарихи орындардың үлкен бір кешенді аймағы десек артық айтқандық емес. Бұл өлкеде тарихи қасиетті орындар көптеп саналады. Демек, бұл жаққа археологиялық қазба жұмыстар жүргізуіміз тегіннен-тегін емес.

Қазба жұмыстарына археологиялық тәжірибе жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасенов, «Қазақстан және дүниежүзі тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нағима Сармурзина, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің докторанты Амангелді Зайнов және осы жолдардың авторымен бірге, студенттер Долқын Екпін (Қытай, ІІ курс, тарих мамандығы), Бейбарыс Қанат (І курс, тарих мамандығы), Нұрбақыт Жеңісов (І курс, тарих мамандығы), Тұрар Өмірзақов (Өзбекстан, І курс, информатика мамандығы), Мәулен Серіков (Өзбекстан, І курс, дене шынықтыру мамандығы), Мирас Есқалиев (ІІ курс, тарих мамандығы), Дәурен Жандарбеков (І курс, алғашқы әскери дайындық мамандығы), Баубек Жұмабай (ІІ курс, тарих мамандығы), Ғаламат Базарбаев (ІІІ курс, тарих мамандығы), Бекжан Бағытжан (І курс, тарих мамандығы) Асан Тоғаев (ІІІ курс тарих, мамандығы), Әсел Мұханжан (ІІІ курс, тарих ма-мандығы), Әсел Шугаева (ІІІ курс, тарих мамандығы), Дана Мұратова (ІІ курс, тарих мамандығы), Мөлдір Биғалиева (ІІ курс, бейнелеу өнері мамандығы), Ғазиза Сақтауовалар (ІІ курс, бейнелеу өнері мамандығы) қатынасты. Сөз тапқанға қолқа жоқ қой. Экспедиция құрамында көрші Өзбекстан мен Қытай елінің студенттері бар екенін байқап қалған тарих мамандығының ІІІ курс студенті Ғаламат Базарбаев қаладан шығып Қарабауға бағыт алған автобус ішінде «Біздің бұл археологиялық экспедициямызды «Халықаралық археологиялық экспедиция» деп атауға болады»,–деді әзіл-шыны аралас. Автобус ішіндегілер ду күлді. Ғаламат 3 жыл бойы қазба жұмыстарына үзбей қатынасып келе жатқан болашақ дайын «археолог» маман екендігін қазба жұмыстарында дәлелдеп бергені сүйсінтеді. Ол Баубек пен Асан үшеуі Атырау қаласы маңында, Махамбет, Қызылқоға аудандары аумақтарында орналасқан Сарайшық, Ақтөбе (Лаэти) қалаларын, 11 қорған мен обаларды қазу жұмыстарына қатынасқан. Олардың қазба жұмыстары барысында археологиялық жұмыстарға қанығып қалғандары байқалады. Алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра білгендіктерін қазба жұмыстары барысында алғашқы қатысып отырған құрбы-құрдастарына үйретулері де өте құптарлық.

Археологиялық нысандар анықталды Алғашқы күні күн батпай тез қимылдап далалық шатырларды орналастыру жұмыстарына тәжірбиелері бар студенттер қызу кірісіп кетті. Міне, жусан иісі бұрқыраған жалпақ жатқан далаға жан кіргендей болды. Шатырлар қалашығы дайын болды. Кешкі далада «Ильич» шамы жанып, лагерь айналасы жарық нұрына бөленді. Кешкі дастарқан басында топ жетекшісі М.Қасенов студенттерге қазба жұмыстары барысындағы техникалық қауіпсіздік ережесімен жан-жақты таныстырып өтті. Сонымен бірге бір айлық далалық-тәжірибе жұмыстарының жұмыс графигімен таныстырған Нағима Нәжімеденқызы жұмыстың сағат 08:30-да басталып, кешкі сағат 21:00-де аяқталатындығы жөнінде хабардар етті. Күн ысымай тұрғанда жұмысты өндіріп алу да назарға алынды. Қарабау ауылы маңындағы археологиялық нысандар мен басқа да нысандар туралы археолог Марат Сейітжанұлы біздерге былай дейді:

–«2005 жылы алғаш рет аталған аумақта зерттеу-анықтау жұмыстары жүргізілді. Сол зерттеудің нәтижесінде төмендегідей тұрақтар мен қалашықтар анықталды. Қарабау №9 тұрағы Қарабау ауылынан шығыста 1,8 шақырым жерде орналасқан. Құм шағыл ортасында жел ұшырып ашқан жырада тас дәуірінің құралдары табылды. Олар 5 қырғыш, 9 ретушь, 10 пышақ, 1 шапқы, 3 тескіш, т.б. құралдар. Кварц пен яшмадан жасалған. Неолит дәуірі. Қарабау №10 тұрағы Қарабау ауылынан 1,7 шақырым қашықтықта шығыста орналасқан. Құм шағыл ортасында жел ұшырып кеткен сайда орналасқан, көлемі: 11 х 8 метрге тең. Беткі қабаттан көптеген қыш құмыра сынықтары жиналды. Олар 2 қабырға, 4 түбінікі, 2 ернеу сынықтары. Қызыл түсті, сапасы нашар. Қола дәуірі. Қаракөл тұрағы – Қаракөл ауылының шығыс жағында 3 шақырым қашықта. Шағылдың жел үрлеген аңғарында көлемі 50 х 50 метр, сайда, 11 қыш ыдыс сынығы, 2 қола жебе ұшы ұшқырлы, 10 тас қырғыш, сүйек қалдықтары кездеседі. Қола дәуірі кезеңіне жатады. Қорғанша қаласы туралы қаланың орны Қызылқоға ауданы Қаракөл ауылының солтүстік-шығысында 15 шақырым қашықта, Жаңақорған мекенінен 4 шақырым шығыста. Ақтөбе мекенінен 8 шақырым оңтүстік батыста, Ақши мекенінен 6 шақырым солтүстік-батыста орналасқан, жобасында төрткүл пішіндес. Қаланың маңынан Ойыл өзенінің бір саласы Қурайлы өтеді. Қала маңына қалың шалғын шөп өскен. Көлемі 420 х 400 метр, сыртқы қорған жалының биіктігі 3 метр, ені 25 метр, оның сыртының ені 20 метр, тереңдігі 1метр ор қоршап жатыр. Ішкі жағы солтүстігінде көлемі 180 х 150 метр, биіктігі 1 метр болатын құрылыс қалдықтарының орындары бар. Оңтүстік-шығысында көлемі 120 х 150 метр, тереңдігі 0,5 метр, ойпаты алаң бар. Бұл су сақтаған хауз болса керек. Қала ішінің оңтүстік-батысында да биіктігі 1 метр болатын құрылыс қалдықтары байқалады. Қала құрылыстары мен қорғаны шикі кірпіштен қаланған.

Қазір құрылыс үстін шөп басқан. Қала көлемі мен қорған жалынның биіктігіне қарап, ол орта ғасырда үлкен қала болған деп есептеуге болады. Қаланы алғаш зерттеген археолог Л.Л.Галкин (1977 ж). Қала үстінен қыш ыдыстардың сынықтары алынды. Қыш құмыраның ернеуі табылды. Оғибан тұрағы Қарабау ауылынан солтүстік-батыста 2 шақырым, Оғибан зиратында орналасқан. Құмшағыл арасындағы жел ұшырған алаңқай көлемі 20х20 метр. Жер бетінде 10 құмыра сынығы және бүтін көзе табылды. Көзенің биіктігі 15 сантиметр, ернеуі диаметрі 7,5 сантиметр, түбінің диаметрі 8 сантиметр. Ернеуі тік жасалған бүйірі шығыңқы. Түбінің 1 сантиметр қыры бар. Қоспасына шамот қосылып күйдірілген. Қара түсті, сапасы жақсы. Қолмен жасалған. Қола дәуірі. Жолай №1 тұрағы Қарабау ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым қашықта Жолай құмында орналасқан. Құмшағылдың жел ұшырған көлемі 90х20 метр алаңында қыштан жасалған көзе сынықтары табылды. 5 қыш бүйір сынықтары, 6 қыш ернеуі бар. Тас құралдарға 1 қырғыш, 4 ретушь, 10 пышақ, 2 нуклеус, 1 шапқы, 3 тескіш құралдары жатады. Кварц пен яшмадан жасалған. Неолит дәуірі. Жолай №2 тұрағы Қарабау ауылынан солтүстік батыста, 3,5 шақырым қашықта орналасқан. Құмшағылдың жел ұшырып ашқан көлемі 120х180 м алаңында шашылып жатқан адам сүйектері бар. Қыш ыдыстың 8 сынығы, 1 жебе ұшы, 2 моншақ, 2 тас пышақ, 3 қырғыш, 7 тескіш табылды. Қола дәуірі».

Адам қабірінің сұлбасы табылды Жұмыс барысындағы мәжілісте барлық қазба жұмыстарына сәйкес мәселелер талқыланып, археологиялық қазба жұмыстары Қарабау – 1, 2, 3 обалары мен Жолай шағылда жүргізіледі деп жоспарланды. Болашақ тарихшылар мен археологтар алғашқы жұмыс күніндегі қазба жұмысын №1 Қарабау обасынан бастады. Студенттер екі топқа бөлініп, өздеріне белгіленген жерге күрек жүзін салып, кесінді қазу тәсілімен қазба жұмыстарын уақытында бастап кетті. Негізінен алғанда археологиялық қазба жұмыстар қол күшімен жүргізіледі. Археологтың негізі құрал-жабдықтары күрек, қалақ, щетка, сыпырғы, қоларба, фотоапарат. Осы тұста, археологиялық ескерткіштер топыраққа көміліп, ғасырлар бойы жер астында қалып, қалалар мен бекіністер, обалардың қираған орындарында бірнеше қабаттардан тұратын төбелер пайда болатынын айта кеткен жөн. Ал, мұндай қатпарлар археологияда мәдени қабаттар деп аталады.

Келесі күні аталған обаның мәдени қабаты аршылып болған уақытта адам қабірінің сұлбасы табылды. Ереже талаптарына сәйкес, күрекпен жұмыс дереу тоқтатылып, археологтар қалақ, щеткамен жұмыс істей бастады. Табылған ескерткіштерге өте сақтықпен қарамаса, мың жыл топырақ астында жатқан зат әп-сәтте топыраққа айналуы да ғажап емес. Сондықтан да, кәнігі археолог Марат Сейітжанұлы құрал-сайманды өзі алып, қабірге түсті. Алғашқы табылған зат ұзын шашқа тағатын төрт қырлы түйреуіш болды. Бұл қабірдің сарматтар дәуіріне тиесілі екендігін анықтау жұмыстары кешкі отырыста айтылатыны да белгілі. Қабірдегі адам басы батысқа қарата жерленген екен. Бойы 170 сантиметр. Аяқ-қолдары тік қойылған. Қабірдің тереңдігі 1, 35 сантиметр. Ені 1, 30 сантиметр. Адам мүрдесі фотоапаратқа түсірілді. Сонымен бірге, жебе, керамика сынықтары да табылды. Археологиялық қазба жұмыстарының талаптары бойынша ендігі бір мезетте бейнелеу өнері мамандығы студенттері Ғазиза Сақтауова мен Мөлдір Биғалиева қабірдегі мүрденің сурет сұлбасын салуға кірісіп кетті. Олар да бұған дейінгі қазба жұмыстарына қатынасып, тәжірибе жинақтап қалған студенттер.

Оба "кенотаф" болып шықты Қазба жұмыстарының барысында №2 Қарабау обасы өкінішке орай кенотаф болып шықты. Кенотаф дегеніміз (грек сөзі. кenotaphos, kenos – бос, tapos – қабір) – ежелгі дәуірге жататын археологиялық, архитектуралық ескерткіштердің бір түрі, ішінде адам мүрдесі жоқ жерлеу құрылысы. Көлемді архитектуралық құрылыстардан бастап, қарапайым обаға дейін түрлі тарихи дәуірлерде салынып отырған. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Қарабау ауылының іргесіндегі Жолай шағыл етегінен әйел адам мен бірге жерленген сәбидің мүрделері жерленген қабірден өте ұсақ моншақтар, қайшы, қол айна сынығы, құмыралар сынығы табылды.

Жергілікті ауыл тұрғындарының айтуынша әр жылдары желді күндері құм арасынан адам сүйектері табылып, айналасында құмыралар мен ұсақ алтын әшекей бұйымдар табылғандығын айтады. Табылған моншақтар Оңтүстік Оралдағы сарматтар обаларынан табылған б.э.д. V-ІV ғ.ғ. тау хрусталынан жасалған амфор формасына және б.э.д. ІV-ІІІ ғ.ғ. сары түстес әйнектен жасалған, ірі үш қырлы, дөңгелек пішіндес келетін формаларына өте ұқсас екендігін атақты археолог К.Ф.Смирновтың жасаған кестесі арқылы анықтадық. Біздің өлкемізде Каспий маңы ойпатында мекендеген сарматтар туралы кешенді түрде зерттеу жұмыстары жүргізілмегені белгілі. Соның салдарынан олардың мәдениеті, шаруашылығы туралы мәліметтер жұтаң. Кеңес археологы, сарматолог К.Ф.Смирнов (1917-1980) Оңтүстік Оралды біздің заманымызға дейінгі VІ-ІІ ғасырда мекендеген сармат тайпалары туралы ұзақ жылдар бойы кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Көптеген қазба жұмыстарының нәтижесінде Оңтүстік Оралды мекендеген сармат тайпалары туралы құнды ғылыми еңбектер жазды. Өлкемізде мекендеген сармат тайпаларының әлеуметтік құрылымы, олардың жерлеу дәстүрлері, шаруашылығы, тұрмысы, қару-жарақтары, керамика технологиясы, әшекей бұйымдары, аң, жылқы стиліндегі бұйымдарының жасалуы туралы кешенді зерттеудің жоқтығы көңілге кірбің түсіруші еді. Енді осы тақырып бойынша ғылыми-зерттеу жұмысымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегі, докторант Амангелді Мұғауұлы Зайновтың айналысуы көңіл қуантады.

Мектеп оқушылары да қазба жұмыстарымен танысты Қазба жұмыстарының қызу жүріп жатқан уақытында Қарабау орта мектебінің тарихшы мұғалімі Гүлжан Тоқмурзина мен орыс тілі пәнінің мұғалімі Сәния Қасенова бастаған ауылдағы «Күншуақ» сауықтыру лагерінде тынығып жүрген ІІІ-VІІІ сынып оқушыларын қазба жұмыстарының басына алып келіп экскурсия жасатуы да өте орынды болды. Себебі, оқушылар өз туған өлкесінің тылсым тарихымен танысып қана қоймай, өз көздерімен көріп, қолымен ұстап қанық болады. Оқушыларға археология ғылымы, қазба жұмысы барысы, сармат тайпалары жөнінде және қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер туралы докторант А.Зайнов қызықты қылып әңгімелеп берді. Далалық «экскурсоводқа» оқушылардың бәрін білгісі келіп, сұрақтарды жаудыруы студенттерді де бір серпілтіп тастады. Студенттер өздері атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесі болатындығын, келешек ұрпақ үшін де маңызы бар игі іс екендігіне көздері жетті. Келесі ірі нысанның бірі – Қарабау қалашығы. Марат Сейітжанұлының айтуынша, 2005 жылы жүргізілген жұмыстардың барысында бұл нысан облыстағы археологиялық реестрге қалашық болып енгізілген екен. Дегенмен де жан-жақты зерттеудің нәтижесі нысанның ғибадатхана екендігі туралы пікірді қалыптастырып отыр дейді.

Ал, білікті археолог дәл осындай құрылыс Оңтүстік Орал аймағында да, сармат тайпалары мекендеген бұрынғы посткеңестік аумақтардан да табылуы неғайбыл деп тұжырымдайды. Қарабау ғибадатханасы маңындағы екі жүзге жуық шұңқырлар да талай сырды бүгіп жатқаны анық. Оның сырын ашу үшін астроном мамандар да бұл іске араласуы қажет-ақ деген ой туындайды. Шартты түрде Қарабау ғибадатханасы аталған нысанның ішкі алаңының диаметрі 45 метр, дуалдың ені 26 метр. Қақпасының ені 6 метр. Объекті сыртындағы шұңқырлар мен дуалдың арақашықтығы 10 метр. Дуалдың биіктігі 2,5 метр, дуалдың айналасындағы шұңқырлардың жалпы саны 200-дей, ал ені 20 метр. Объектінің жалпы көлемі 112 метр. Археологтың айтуынша, Каспий маңы ойпатындағы сарматтардың ең үлкен ғибадатханасы болып табылады. Қазба жұмыстарының нәтижесінде дуал топырағының өте қатты екендігі анықталды. Және де күйдірілген керамика, қыш құмыра сынықтары, мал сүйектері, ешкі асығы табылды.

Біздің пікірімізше, Қарабаудағы тарихи-мәдени құндылықтарды сақтап қалу және қорғау бағытында Қарабауда тарихи-мәдени музей комплексін ашу жұмыстарын жедел жүзеге асыру уақыттың өзі талап етіп отырған, кезек күттірмейтін, мемлекеттік маңызы бар мәселе. Біріншіден, жылдар өткен сайын ұмыт болып, жер қойнауында қалып жатқан тарихты қайтадан жандандыру, екіншіден, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында, тарихи қалаларды жұртшылыққа танымал етіп, жарыққа шығару, үшіншіден, бұл өңірде ерте дәуірде үлкен мәдениеттің болғандығын облысқа, республикаға, шетелдіктерге танымал ету. Бұл біздің еліміздің тарихи құндылықтарын әлем жұртшылығы таниды, біледі деген сөз. Қазақ даласы сарғайған сар дала емес, мыңдаған жылдық тарихы бар іргелі ел болғандығын көрсетіп, айқындай түсері ақиқат. Бұл біздің археологиялық қазба жұмыстарының барысында түйген ой-пікірлеріміз.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Атырау өлкесі тарихы, археологиясы және этнографиясы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,

тарих ғылымдарының докторы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521