banerkzbig

Светқали Нұржан: «Қызылқоға Маңғыстаудың жаз жайлауы болған»

Елімізде жалынды жырларымен, рухты өлеңімен ұлт рухын көтеріп жүрген ақындардың бірі – маңғыстаулық Светқали Нұржан.

Ол сонымен бірге, тарихи тұлғаларды зерттеп, оларды халыққа жеткізуде көп еңбек сіңіріп жүрген жан. Осы ретте, таяуда ауданымызда іссапарда болған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын Светқали НҰРЖАНМЕН сұхбаттасқан едік.

– Сізді аса дарынды, көрнекті ақын ретінде қызылқоғалықтар жақсы біледі. Сіздердің әдебиетке келген кездеріңіз бен қазіргі жас ақындардың айырмашылығы бар ма?

– Әр заманның өзінің айырмашылығы болады. Біз кеңестік кезеңнің тәрбиесін алдық. Бірақ біздің өзгешелігіміз демократиялық ағымға ердік. Мәселен, 1986 жылдың желтоқсанына тап болдық. Қоғамның өзгерісіне куә болдық. Мүмкін оған себепші де болған жерлеріміз бар шығар. Ал, бұрынғы құндылықтар жойылып, тәуелсіздік келгеннен кейін біздің буын ешкімге керексіз, назардан тыс қалып қойдық. Кеме бортынан теңізге лақтырып жібергендей күй кештік. Әңгіменің шындығында жоғалып кете жаздаған буынбыз. Бірақ соның өзінде өзінің бастапқы мұратына адал болған азаматтар барлық қиындықтардан өтіп, бүгінгі күні тәуелсіз елімізге қызмет етіп келеді.

Әдебиет, поэзия саласында біз социалистік реализм бағытында жұмыс жасауға тура келді. Біздің санамызға сыншыл реализм, социалистік реализм таңылды. Бірақ біз құдайға шүкір, бәлкім баба тәрбиесінің арқасында, әлде құдай санамызға саңылау берді ме, алдымыздағы буынның әсері ме сол социалистік реализмнің шеңберінде болған жоқпыз десек те болады. Былай бұзып-жарып, арна бұзып кетпегенмен біз сеңді бұзуға тырыстық. Бұған өзімнің шығармашылығымнан да көптеген дәлелдер келтіре аламын. Біз партияны жырлаған жоқпыз, біз коммунистік идеяларға елтіген жоқпыз, біз оның жалған екенін ерте сезіп қойдық. Өмірге алғаш қадам басып, мектептің жоғары сыныптарында социалистік идеялардың жалған екенін түсіндік. Мысалы, мен 17 жасымнан бастап қазақтың тәуелсіздігі туралы әңгіме айта бастадым. Мектеп бітірген соң ашық соған көштім. 18 жасымда жүректері қазақ деп соққан, ұлы ақындарымыз Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтардың фотолары кеудемізде, өлеңдері аузымызда жүрді. Сондықтан біздің буынның осындай ерекшелігі бар.

Енді қазіргі жастардың бізден айыр-машылығына келетін болсақ, оларға түрлі ықпалдар әсер етуде. Европа әдебиетіндегі ағымдар, Оңтүстік Америка, Қытай, Жапон секілді үлкен әдебиеттердің әсерлері бар. Мәселен, қазір әдебиетке постмодернизм деген ағым кірді. Мен өзім жаңашылдықты құптаймын. Бірақ жаңашылдық осы ұлттық топыраққа егілген дарақтан жеміс беруі керек. Ал, ол ұлттық топыраққа тамыр салынбаған болса, онда ол бізге ешқашан зияннан басқа ештеңе әкелмейді деп есептеймін. Сондықтан, постмодернизм деген ағымды қолдамаймын, және оны ашық білдіріп те жүрмін.

–Қазіргі жас ақындардың аяқ алысына көңіліңіз тола ма? Олардың арасынан кімдерді атап айта аласыз?

–Жас ақындарды мен өзім қадағалап отырамын. Оларды қадағалап отырмасақ біз аға буын болып жарытпаймыз. Ол әрі-беріден кейін біздің парызымыз, міндетіміз. Керек болатын болса, оларды қадағалап отыру өзімізге де үлкен пайда әкеледі. Шығармашылық ізденісімізге де жақсылығы тиеді. Кейінгі жастардың немен тыныстап, немен жұмыстанып жатқанын біліп отырмасақ, ол болмайды. Себебі, біздің бір парызымыз олардың бағытын қарап, қадағалап отыру, бағыт-бағдарсыз жібермеуге тырысу. Қазір біреуді ақыл айтып жөнге салу да қиын. Бірақ сенің жүрегіңде сәуле болса, олар ұмтылмай тұрмайды саған. Құдай мені тап онша сәулесіз қылып жаратпаған секілді. Өйткені, мені шырқ айналып жүрген іні-қарындастарым жетерлік. Соңғы буындардың ішінде көптеген талантты жастар өсіп келе жатыр. Әсіресе, Қытай елінен келген қандастарымыздың арасынан өте талантты жастар шығуда. Осыларға қуанамын. Батырхан Сәрсенхан, Бекзат Смадияр, Ербол Алшынбай деген жас ақын інілерміз бар. Соңғы буынның өзінен атыраулық Асыланбек Шығыров деген азаматты айтуға болады. Міне, осындай талантты жастар әр жерден көптеп өсіп келе жатыр. Соған шүкір етеміз.

–Енді өзіңіздің болашақ шығарма-шылық жоспарыңыз туралы айта кетсеңіз.

–Жалпы менің шығармашылық бағыттағы жоспарым көп. Әуелде 55 жасқа толар кезде жинақтарымды жеті том деп межелеген едім. Бірақ оған симай қазір 13 томға жетті. Алайда, айтылатын, жазылатын нәрсе көбейіп, 13 томға да сыймай жатыр. Қазір заманның талабына сай әр жаққа шақыртулар көбейіп кетіп, жазуға отырудың өзі былтырдан бері қиын болып тұр. Дегенмен, арасында уақыт тауып отыруға тиіспін.

–Қызылқоға өңірі жайлы, осы өлкеде өткен тарихи тұлғалар туралы не айтасыз?

– Қызылқоға жері өте киелі де қасиетті өңір. Бұл жер керек болатын болса менің елімнің жаз жайлауы. Маңғыстаудың бойында қамалып отырмай төрт-бес ай паналаймыз да жаз шыға Орынбордың Ақбұлағына дейін көшеміз. Осы уақытта дүниеден өткен қаншама ата-бабаларымыз осы топырақта мәңгілік тыныстауда. Солардың ішінде Адайдың бес жүйрігінің екеуі – Нұрым Шыршығұлұлы мен Ақтан Керейұлы бар. Олардың ізін жалғаған Зәкәрия Сағындықұлы, атақты ғұлама Абдолла Хазірет те осы топырақта. Ақтөбе қорғаншада қызыл тастан үй салдырып, он жыл мекен еткен Асан қайғы бабамыз болды. Бұл жерді әулиелігімен тәнті еткен Мәтен қожа, сөз сардары Бөкен би мекен еткен, Исатай мен Махамбет көтерілісін жалынды жырларымен демеген халық ақыны Шернияз Жарылғасұлы, айтыскер ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлының шер толғаулары шыққан өлке.

–Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовпен қатар оқыпсыз, қимас дос болған екенсіз. Сіздің «Сәйгүлік» атты өлеңіңізге ән жазды. Осы біртуар дарын Табылды туралы пікіріңізді білдірсеңіз.

–Табылды Досымов менің тек «Сәйгүлік» өлеңіме емес, басқа да өлеңдеріме ән шығарды. Екеуміздің шығармашылығымыз ерте басталды. 1982 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетіне оқуға түскеннен бастап ағалы-інілі әрі дос болып, бірге өмір кештік. Ақын Ілияс Жансүгіровтің атақты «Құлагер» поэмасында:

Лермонтов болмағанмен, біздің Ақан,

Кісі ме еді ақындықтан құр алақан?

Ортасын олқы көрген бұл да дара,

Имеген иттерге бас, сері дарқан, – деген жыр жолдары бар. Сол айтқандай досым Табылды да өз ортасын олқы көріп өткен жігіт. Бәлкім ол бұл өмірге ерте келді, әлде кеш келді. Әйтеуір қоғамға сыймай кетті. Себебі, ол өзінің рухы аңсаған кеңістікке жете алмағаннан сыймады. Ішкі болмысы, жан дүниесі аңсаған жайлауға жете алмай опат болған жігіт. Бірақ құдайға шүкір, артында қалған мұрасы ұлтының қажетіне асты. Және өлген күні тірілді. Табылдының сүйегі жер қойнына тапсырылған күні оның атағы биікке шығып кетті. Енді ол атақты ешкім жерге түсіре алмайды. Қазір артында қалған ізбасары, ұлы Абыл «Ат тұяғын тай басар» дегендей әкесінің ізін басып келе жатыр. Құдай соған ғұмыр беріп, талантын ұштай берсін. Әкесі Табылдыға жолыққан тар қуыстарға тап болмай, өмір жолы жарқын болсын дейміз.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан, Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Соңғы жаңалықтар

Жарнама

banerkzleft

Фотогалерея

Күнтізбе

Редакция

 
Сисенов Бауыржан

Сисенов Бауыржан Аманұлы
- "Қызылқоға" газетінің бас редакторы

Бердіғалиев Бауыржан

Бердіғалиев Бауыржан Оқасұлы- Бірінші санатты тілші


Губайдуллин Дулат

Губайдуллин Дулат Берікұлы
- Екінші дәрежелі тілші


Тілегенова Гулмира

Тілегенова Гулмира Мақсотқызы
- Екінші дәрежелі тілші


kosybaeva-ajymgul

Қосыбаева Айымгүл Жалғасқызы
- сайтқа жауапты редактор

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21

banerkzbig