«Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай Миялы спорт кешенінде «Қызылқоға барысы» мен «Жас барыс» жарыстары ұйымдастырылып, қазақ күресінің рухын асқақтатқан айтулы шара өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:
– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттық спорт пен ойындар арқылы салауатты өмір сүру дағдыларын қалыптастыру, халықтың денсаулығын жақсарту, бұқаралық спортты дамыту, салт-дәстүрді сақтау, елін-жерін сүюге тәрбиелеу жас ұрпақ тәрбиесіндегі өте өзекті мәселелердің бірі. Дәстүрлі халық мәдениетінің ажырамас бір бөлігі болып саналатын ұлттық ойындар мен спорттың қоғамдағы атқаратын пайдасы орасан. Аударыспақ, бәйге, көкпар, қазақ күресі, асық ату, садақ ату және басқа да қазақтың қанына сіңген ұлттық спорт түрлері – еліміздің бренді. Әсіресе, қазақ халқының тарихымен қатар дамып келе жатқан қазақ күресі бүгінде үлкен танымалдылыққа ие. Елімізде кез келген мерекелік іс-шаралар бұл спортсыз өтпейді. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қызылқоға барысы» ауданның елеулі шарасына айналып отыр. Шын мықтылар осы жарыста анықталады. Бүгінгі турнирге қатысып жатқан барша балуанға сәттілік тілеймін! – деді.
Жарыс қазақ күресінің ережесіне сай ұйымдастырылып, алдымен барлық қатысушы жеребе суырып, өз нөмірлерін алды. «Жас барыс» аудандық жарысына + 70 келі салмақ дәрежесінде барлығы 10 жас палуан бақ сынады. Жылдамдық пен ептілік танытып, қарсыласының осал тұсын дәл таба білген 4 палуан ақтық кездесу өткізді. Нәтижесінде «Жас барыс» атағын Алмас Қойшығали иемденсе, алғашқы белдесулерден-ақ көзге түскен Ибрахим Болатбекұлы ІІ орынға ие болды. Ал ІІІ орынды Демир Айболұлы иеленді. Сондай-ақ, + 90 келіде ересектер арасында 8 палуан «Қызылқоға барысы» атану үшін боз кілемде белдесті. Қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін жақсы меңгерген палуандар белдесуі жоғары деңгейде өтті. Бұл додада Табиғат Мағауияұлы «Қызылқоға барысы» атанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал Жанұзақ Ермағанбетов екінші орынды еншілесе, Айбар Ғазиз үшінші орынды иеленді. Шараны қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев жеңімпаздарға медальдар, ақшалай сыйлықтар және арнайы белдіктерді табыс етті.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА


