Морокко елінің Рабат қаласында пара жеңіл атлетикадан әлемдік Гран-при жарысы өтті. Оған әлемнің 52 елінен 500-ге жуық атлет қатысып, байрақты бәсекенің жүлделерін сарапқа салды.
Бұл сында F-53 санаты бойынша ел намысын қорғаған жерлесіміз Махамбет Серікқалиев екі сында ел қоржынына қос жүлде салып, абыройды асқақтатты. Алдымен найза лақтыру жарысына қатысқан ол өзіне берілген алты мүмкіндіктің бесеуін сәтсіз орындап, соңғы орындардың бірінде тұрды. Тек соңғы мүмкіндікте бар күшін сала лақтырған найзасы 14,32 метрге жерге түсіп, бұл сол сындағы үшінші нәтиже болып тіркеліп, Махамбет әлемдік жарыстың қола жүлдегері атанды. Бұдан соң диск лақтыру сынына қатысқан ол дискті 15,67 метр жерге лақтырып, нәтижесінде жарыс жеңімпазы атанды. Тіпті жарыстың басты фовариті саналған Токио паралимпиадасының жүлдегері чехиялық Алеш Кисидің өзі Махамбеттің бұл нәтижесіне жете алмады. Айтпақшы Махамбеттің бұл жеңісі облыс тарихындағы пара жеңіл атлетика спорты бойынша алғашқы алтын медаль болып тіркеліп отыр. Сонымен қатар ел құрамасы бұл жарысқа 18 спортшымен барып, 1 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Демек жерлесіміз алған жалғыз алтын мен қола жүлде ел спортының мерейін асырды деген сөз.
– Бұл жарысқа дайындықты ауылдан бастап кеттім. Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ауласындағы спорт алаңқайында күн сайын жаттығып жүрдім. Кейін жаттығуымды Астана қаласында жалғап, шеберлігімді шыңдадым. Бұл ретте, қасымда қолдау білдіріп, бірге дайындаған ауылдас жаттықтырушым Ғабит Сапарғалиев пен ел құрамасындағы жаттықтырушым Жасұлан Бисеновке алғысым зор. Бұл жарыста алтын медаль алам деп өзім де күтпедім. Себебі, бұл жарысқа пара жеңіл атлетикасы дамыған Бразилия, Қытай, Чехия сынды мемлекеттер өздерінің ең мықты спортшыларын алып келді. Соған қарамастан жақсы нәтиже көрсетіп, екі медаль еншіледім. Сол үшін қуаныштымын. Дегенмен мұнымен шектеліп қалмаймыз. Алда әлем чемпионаты бар. Оның ар жағында паралимпиада ойындары да алыс емес. Сол үшін бір сәт те босаңсымай дайындықты күшейтеміз, - деп ағынан жарылды Махамбет.
Ендеше, жерлесімізді тарихи жеңісімен құттықтап, алдағы додаларына сәттілік тілейміз.
Дулат БЕРІК


