Индер ауданында ләңгі тебуден «Заң мен тәртіп – салауатты ұрпақ кепілі» ұранымен аудандық ашық біріншілік өтті. Оған жергілікті спортшылардан бөлек біздің ауданнан және Атырау қаласынан ұлттық спортты жанына серік етіп жүрген спортшылар қатысып, үш санат бойынша сынға түсті.
Бұл сында аудан намысын қорғаған жерлестер намысты қолдан бермеді. Ересектер арасында ләңгіні 2 минутта жерге түсірмей 732 рет шекіген Шерхан Еңсегенұлы бірінші орынды жеңіп алса, жасөспірімдер арасында Шерханның жеңісті жолын жалғаған Болатбек Қуанұлы 1 минутта 76 ұпай жинап ол да өз санаты бойынша бірінші орынға ие болды. Сол сияқты 45 жастан жоғары үлкендер арасында сынға түскен ауданның бас бапкері Қуан Ағашин (1,5 минутта 101 ұпай жинаған) мен жасөспірімдер арасында Бағытбек Камалидендер (1 минутта 75 ұпай жинады) екінші орынды иеленді. Осылайша көрші ауданнан төрт жүлде иеленген жерлестер ауданда ләңгі спортының қанат жайып келе жатқандығын паш етіп қайтты.
Дулат БЕРІКҰЛЫ


