АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті медаль жеңіп алды.
Оның үшеуі - алтын, біреуі - күміс, үшеуі - қола, деп хабарлайды AtyrauPress.
Әлемдік додада қазақстандық балуандар еркін күрес, грек-рим және әйелдер күресі бойынша жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта белдескен Мерей Базарбаев қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Грек-рим күресінде Қазақстан құрамасы екі алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленді. 60 келіге дейінгі салмақта Айбек Айтбеков, ал 72 келіге дейінгі салмақта Юсуф Ашрапов әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Темірлан Тұрдақын күміс жүлдеге ие болды. Ал Арсен Жұма (55 келі) мен Джохар Узаров (130 келі) қола медаль жеңіп алды.
Әйелдер күресінде де Қазақстан қоржынына жүлде түсті. 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Шұғыла Өмірбек әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатын үш алтын, бір күміс және үш қола медальмен аяқтады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ




