Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Қазақ елінің параволейбол құрамасы әлем чемпионатына аттанды

Сөз басында қазақ спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұлдың есімін ілтипатпен атап өткенді жөн санадық. Өйткені Сейдахмет ата сонау алмағайып заманда ұлттық спорт журналистикасының мектебін қалыптастырып, соңынан ондаған шәкірт ертті.

Қазір, Құдайға шүкір, ел еңсесі тіктелді, талай додаларда көк Туымыз желбіреп, әлем жанкүйерлері бізді танып жүр. Жұмыр жердің әр түкпірінде Алаш баласы жеңіске жетіп, атой салса деген Бердіқұл арманы бүгінде орындалды.

Атыраудан әлем биігіне

Бүгін отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасын мақтанышпен таныстырғымыз келеді. 2002 жылы Атыраудың шағын залында алғашқы доп соғылғанда оның жаңғырығы қазақ параволейболының жаңа тарихына ұласатынын ешкім білген жоқ. Ал осы қадамның басында тұрған, талай жанның жүрегіндегі үміт отын жаққан тұлға – ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов еді.

Бауыржан Бақытұлы 22 жасында теміржол саласындағы еңбек жолын бастаған сәтте өндірістік жарақаттың салдарынан бір аяғынан айырылады. Алайда бұл жағдай оның рухын сындыра алмады. 90-жылдардың басында Маңғыстау өңірінде Аман Қылышбаев, Нұралы Құлышев секілді замандастарымен бірге алғашқы жаттығуларды бастайды. Кейін, 1998 жылы Ақтөбеге қоныс аударып, сол өңірде отырып ойнайтын волейболдың негізін қалап, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Бұл жолда Құралай Байменова сияқты спортқа жанашыр адамдардың қолдауы болғанын айтпай кетуге болмас.

Осыдан кейін Бауыржан Тахауов өзінің туған жері – Атырауға оралып, үлкен бетбұрыс жасады. Оның бастамасымен 2008 жылы облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 400 адамға лайықталған спорт клубы ашылды. Тілге тиек етіп отырған команданың іргетасы да дәл осы Атырауда қаланған еді.

Бауыржан Тахауов кезінде Қазақстан құрамасының сапында ел намысын қорғап, Азия ойындарының жеңімпазы атанған еді. Сол жылдардағы ірі додаларда шыңдалған шеберлігі мен еңбек жолындағы тәжірибесі бүгінде жаңа буынды биік мақсаттарға жетелеуіне сеп болды.

Командадағы әр ойыншының басында тағдырдың түрлі соққысы мен сынағы тұр. Жүздеген тағдырды өзгертіп, елдің түкпір-түкпірінен түрлі сынаққа тап болған жандарды жинап, үлкен спортқа шақырып, бір тудың астына топтастыру ерлік емей немене? Бауыржан Бақытұлының сол кездегі тәуекелі бүгінде бүкіл ел мақтанатын аңызға айналды. Бұл тек тордың екі жағындағы ойын емес, бұл – Атыраудан басталған нағыз ерлік жолы.

Әуелде құраманың 90 пайызы мұнайлы өңірдің түлектерінен жасақталса, уақыт өте келе құрама өзге өңірлердің спортшыларымен толығып, бүгінде тұтас елдің намысын арқалап жүр. Құрама капитаны Бауыржан Сартаев бастаған жігіттер бірнеше жылдан бері әлемдік деңгейдегі бәсекелерде олжа салып жүр.

Сол жеңістердің тасасында спортшылардың бабы мен денсаулығын назарда ұстайтын команда дәрігерлері Рахметулла Ермұханов пен Ерболат Шазимов, алаң жиегінде тактикалық ақыл-кеңесімен, дәл уақытында берілген нұсқауларымен алтынға бергісіз ұпайларды алуға көмектесетін Ернар Матеуов, Құралбек Сейідов, Тұрлан Қаратаев, Расул Иманғалиев сынды жаттықтырушылардың да сырт көзге көрінбейтін еңбегі жатыр.

Тарихи жетістіктер

Құрама 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында үздік бестікке еніп, 2025 жылы Қытайдағы құрлық чемпионатында тұңғыш рет Азия чемпионы атанды. Дәл сол жылы АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында өткен Әлем кубогында қола жүлдені жеңіп алды. Египет, Бразилия, Босния және Герцеговина, Иран Ислам Республикасы сияқты мықты құрамалармен бірге әлемдік рейтингте көк Туымыздың жоғары тұруы – көңілге қуаныш. Ендігі жерде Қытайдың Ханчжоу қаласындағы әлем чемпионатында команданың сәтті өнер көрсетуіне тілектеспіз.

Осындай тарихи жеңістерге сүйсіне отырып, көңілдегі бір өкінішті де жасырып қала алмаймыз. Классикалық спорт түрлерінен халықаралық дәрежеде жүлде алған спортшылардың асты-үстіне түсіп, пәтер сыйлап, жағдайын жасап жататын біздің қоғам параспортшыларға келгенде неге селқос, неге бейқам екені түсініксіз. Олардың жеңіс жолында төккен тері мен арқалаған намысы бір емес пе?

Негізінде, параспортшыларды насихаттау, жастарға үлгі ету, халық олардың жүзін жазбай танып, ойыншыларды жатқа айтатындай деңгейге жеткізу – өз қолымызда. Мектептердегі (әсіресе спорт мектептеріндегі) мотивациялық кездесулерде бір сыныпқа арналған шараның жартысын команданы таныстыруға арнауға ешқандай кедергі жоқ. Көк Туды желбіреткен қазақты қазақ қолдамағанда, кім қолдайды, кім таниды?

Алдағы үлкен жарыстардан соң ойымыздағыдай рухани кездесулер мен кештер көптеп өткізілсе деген үмітіміз бар. Бұлақтар көбейген сайын дариялар да молая түседі. Егер көзден таса қалып жатқан параспортымызды мемлекеттік деңгейде үлкен «дарияға» айналдырамыз десек, жоғарыдағы кішкентай амалдарымыз сол бұлақтың көзіндей болар еді.

Классикалық спортшылармен қатар параспортшыларға да тең дәрежеде қарап, лайықты жағдай жасалатын күн туса дейміз. Тіпті бүгінде елдің атын шығарып жүрген осы құрама ойыншыларының арасында әлі күнге дейін баспанасыз жүргендері бар. Бұл тұста мемлекет қана емес, ірі кәсіпкерлер де назар аударып, демеушілік білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді.

fe84d463 94e9 45b8 99d9 a38b5be83683

Жеңіске жеткізер қолдау

Бауыржан Момышұлы атамыз: «Жауынгер сөзін тек соғыс ұғымымен синоним ретінде қарамау керек. Мен жауынгер дегенде сұр шинельді, қолында мылтығы бар адамды айтып отырған жоқпын. Мен жалпы әртүрлі салада қызмет етіп жатқан адамдардың бәрін меңзеп отырмын. Олар жүрген жер де – майдан алаңы. Мен жауынгер сөзін кең мағынада солай ұғынамын», – деп еді.

Осы тұрғыдан қарасақ, ұлттық құраманың волейболшылары да – спорт майданының жауынгерлері!

Атыраудан басталған ерлік жолы бүгінде әлем биігіне бастап барады. Тахауовтың жігіттері қазақ параспортының тарихын жаңа белестерге жеткізгісі келеді. Шілденің 10-ында басталатын әлем чемпионатына ойыншылар сондай асқақ мақсатпен аттанды.

Кілең қазақ жігіттерінен жасақталған команданың тілеуін ел болып тілесек, бұл да бауырларымызға кәдімгідей демеу болар еді. Спортшы үшін халықтың шынайы ықыласынан асқан қандай құдіретті күш бар?

Алаңда аяқпен емес, жүрекпен, намыспен ойнайтын ұлдарың аспан асты еліндегі додаға кірісті. Ендеше, тақымыңды қыс, Қазақ елі!

Фариза БАУЫРЖАН,

Астана қаласы.

Команданың бас бапкері: Бауыржан Тахауов.

Ойыншылар: Алмат Оспанов (№1), Бауыржан Сартаев (№4), Пердебай Намұратов (№5), Нұртау Мұханбетқалиев (№8), Әділет Сейітжапар (№9), Жанғали Сүйеуов (№11), Ерлан Битеміров (№13), Шыңғыс Медеуов (№14), Ерік Қасқабаев (№15), Ерасыл Әбдібек (№19), Алмат Манабаев (№88), Бекет Тұрниязов (№95), Ерболат Алтаев (№18), Жандос Айтмұхамбет (№24).

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT