Таяуда Астана қаласында джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті. Азия және Әлем чемпионатына іріктеу мақсатында ұйымдастырылған чемпионатқа елімізден 17 команда қатысып, кім мықтыны анықтады. Чемпионатта аудан, облыс намысын қорғаған сағыздық джиу-джитсушылар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өз шеберліктерін дәлелдеді.
Атап айтқанда, 40 келі салмақ дәрежесінде белдескен Дінмұхаммед Шынтемір (2013 жылы туған) барлық қарсыласынан басым түсіп, І орынды жеңіп алды. Сөйтіп ол шілде айында Абу Даби қаласында өтетін Азия чемпионатына берілетін жолдаманы иеленді. Ал 52 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, ІІ орынды иеленген Әділ Қайыржан (2009 жылы туған) Азия чемпионаты мен Италия елінде өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Сондай-ақ, аталмыш чемпионатта 40 келі салмақта белдескен Медина Ерланқызы мен Жансерік Мақсот (62 келі) ІІІ орынды иеленді. Бұл ретте жас балуандарға джиу-джитсудың қыр-сырын үйретіп, дайындап жүрген жаттықтырушылар Аманжол Бекбаулиев пен Батырбек Сағытжанұлының еңбегі зор екенін айта кеткен жөн.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ


