3-4 қазан күндері Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында «Ұлы мақсат» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Сағыз спорт десанты» жобасының қорытынды іс-шарасы ретінде аудандық ашық турнирі өтті.
Жоба Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Азаматтық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің облыстық «Qoldaý» конкурсы аясында бөлінген грант қаражаты есебінен іске асырылды. Сағыз ауылдық округі аудан орталығынан 117 шақырым, облыс орталығынан 265 шақырым қашықтықта орналасқан. Шалғай ауылдардың балалары үшін спорт секцияларына тұрақты қатысу мүмкіндігі шектеулі. Бір ай ішінде округтің Былқылдақты, Кенбай, Қоңыраулы ауылдарына және көрші Мұқыр ауылына сегіз көшпелі спорт десанты ұйымдастырылды. Балалар волейбол, үстел теннисі, сондай-ақ тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі сынды ұлттық спорт түрлері бойынша ашық жаттығулар мен шеберлік сыныптарына қатысты. Жергілікті жастардан 20 волонтёр-нұсқаушы арнайы оқудан өтіп, сертификат алды.
- Сағыз ауылы орталықтан алыс, бірақ бұл балаларымыздың спортпен айналысуына кедергі болмауы керек. Жоба аяқталса да, клуб жұмысын жалғастырады. Жабдықтар ауылда қалады, жаттығуларды өз жастарымыз жүргізеді. Жоба іс-шараларына 320 адам қамтылды. 8 көшпелі спорт десанты өткізілді. 20 волонтёр-нұсқаушы даярланды. 5 құрама қатысқан аудандық ашық турнир өтті. Жоба бойынша сатып алынған спорт жабдықтары: волейбол және футбол доптары, волейбол торлары, тоғызқұмалақ тақталары, асық ату жинақтары, қазақ күресінің киімі, үстел теннисі мен эстафета жинақтары қабылдау-тапсыру актілері бойынша тұрақты пайдалануға тапсырылды. Аудандық ашық турнирді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр, — дейді «Ұлы мақсат» қоғамдық қорының Президенті Гүлнара Илешова.



Турнирге 7 жастан 29 жасқа дейінгі 100-ге жуық Сағыз, Қоңыраулы, Былқылдақты, Кенбай ауылдары мен көрші Мұқыр ауылының қатысушылары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен марапатталды. Барлық қатысушыға сертификат табыс етілді. Жалпы командалық есеп бойынша «Үздік құрама» атағын Былқылдақты елді мекен мен № 9 орта мектеп оқушыларынан құралған құрамасы жеңіп алды. Сондай-ақ, Сағыз спорт клубы тұрақты жұмысын бастады. Сағыз ауылы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 36 мекенжайында орналасқан клубта 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге тегін жаттығулар өткізіледі. Клубтың жұмысы Сағыз ауылдық округі әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында жалғасады.
Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ




