Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Алматы қаласында аралас жекпе-жектен (ММА) IFL лигасының ашық чемпионаты өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар сынға түскен дүбірлі додада атыраулық өрендер жоғары шеберлік танытып, өңір мерейін үстем етті.
Үш күнге созылған жарыс қорытындысында «Атырау ММА» клубының бес спортшысы чемпиондық тұғырға көтерілді. 16-17 жас санатында Ілияс Бақытжан (56,7 кг), Нұрхат Жеткерген (61,2 кг) және Талап Қадирқұлов (79,4 кг) қарсыластарына дес бермесе, 18 жас және одан жоғары санатта Темірлан Карпов (70,3 кг) пен Юсуп Айымбетов (74,9 кг) жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді.
Жас спортшылардың жетістігінің артында жаттықтырушы Самат Жағыпаровтың еңбегі тұр. Әлемнің екі дүркін, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанған тәжірибелі бапкер бүгінде жас буынды спортқа баулып, олардың кәсіби қалыптасуына жол ашып келеді. Өткен жылы оған облыс әкімі «Үздік жаттықтырушы» атағын салтанатты түрде табыстаған еді.
Ал, чемпиондардың бірі Ілияс Бақытжан спорт пен білімді қатар алып жүрген талапты жас. Ол 2024 жылы панкратионнан Қазақстан чемпионы атанса, былтыр Ливанның Бейрут қаласында өткен Азия біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерілді. Қазақстан Республикасы спорт шеберлігіне кандидат атанған жас спортшы алдағы оқу жылында XI сыныпқа барады. Атыраудағы «Дарын» мамандандырылған мектебінің озат оқушыларының бірі ретінде де танылып жүр.
Жас спортшылардың ата-аналары бапкерлерге риза екенін жеткізді.
– Балаларымыз ел намысын қорғап, чемпион атанып келеді. Жастардың еңбегін бағалап, оларды жаңа белестерге ынталандыру үшін жан-жақты қолдау керек. Бүгін көк Туымызды халықаралық ареналарда желбіретіп жүрген осы балалар ертең ел спортының абыройын асқақтататын тұлғаға айналады, — дейді ата-аналар.
Расында да, өңір намысын қорғап жүрген дарынды жастардың жетістігін дәріптеу олардың ғана емес, кейінгі толқынның да спортқа деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.
Атыраулық жас чемпиондардың бүгінгі жеңісі табандылықтың, тәртіптің және тынымсыз еңбектің жемісі екені белгілі.
Майра ЕРҒАЛИ


