Атыраудағы Жоғары спорт шеберлігі мектебінің базасында дзюдо спорты қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазір мекемеде олимпиадалық 8 спорт түрі бойынша 82 спортшы жаттығуда. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спортшылары мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар. Спортшыларды 12 білікті жаттықтырушы ірі халықаралық жарыстарға дайындауда. ӨКҚ мәліметінше, бүгінде дзюдошылар қыркүйек айында өтетін Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жатыр.
– Негізгі мақсатымыз – 2028 жылғы Олимпиада ойындарына атыраулық спортшыларды қатыстыру. Ол үшін алдағы іріктеу кезеңдерінде жоғары нәтиже көрсетуіміз қажет, – деді Жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Аслан Жаманбаев.
Соңғы жылдары өңір спортшылары елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Абиба Абужакынова (48 кг) – ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Дана Абдирова (57 кг) – жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Эсмигүл Куюлова (63 кг) – ересектер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері.
– Арманым – әйелдер арасында дзюдодан Олимпиада чемпионы атану. Бала кезімде ағам спортқа жетелеп әкелді. Алғашында тек қызығушылықпен бастасам, кейін кәсіби спортты таңдадым, – деді дзюдошы Дана Абдирова.
Аймақта дзюдо спортына деген қызығушылық артып келеді. Мамандардың айтуынша, жүйелі дайындық пен сапалы жаттығу процесі алдағы халықаралық жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Аман ШАМАР


