Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Атырауда жүзуден ашық біріншілік өтті: 180-нен астам бала бақ сынады

Атырауда мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылып жатқан «Lira» бағдарламасы бойынша жүзуден қалалық ашық біріншілік өтті. Жарысқа 2009-2019 жылдары туған 182 жас спортшы қатысып, түрлі қашықтықтарда өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жарыс барысында қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 25 және 50 метр қашықтықтарда еркін стиль, шалқалап жүзу, брасс және баттерфляй әдістері бойынша сынға түсті. Ашық біріншілік жас спортшылардың дайындық деңгейін бағалап қана қоймай, олардың жарыс тәжірибесін арттыруға мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға ықпал етеді. Сонымен қатар жүзу спортымен айналысатын балалар санының артуы өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына оң әсерін тигізіп отыр.

— Атыраулық балалардың су спортына қызығушылығы өте жоғары. Қазірдің өзінде жүзу секцияларына қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Алдағы уақытта өңірде екі ірі спорт кешені пайдалануға берілгеннен кейін жүзу секцияларының санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Мұндай жарыстар балалардың деңгейін бақылауға, тәжірибе жинақтауына және шеберлігін арттыруға көмектеседі, — деді жарыс ұйымдастырушысы Ернұр Қойлиев.

Ашық біріншілік қалалық білім беру бөлімінің қолдауымен «Қойлиев», «Ғалымжан» және «Жүзу Нұрсая» жеке кәсіптік ұйымдарының ұйымдастыруымен өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша 30-дан астам қатысушы жүлделі орындарға ие болып, түрлі арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен кубоктар табысталды.

Мамандардың пікірінше, соңғы жылдары Атырауда су спортына қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Бұл бағыттағы инфрақұрылымның кеңеюі мен мемлекеттік қолдау болашақта өңірден кәсіби жүзушілердің шығуына мүмкіндік береді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT