Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының қолдауымен, Жеңіл атлетика федерациясы және Atyrau Marathon ұйымдастырушыларымен дәстүрлі «Atyrau Marathon – 2026» жеңіл атлетикалық марафоны жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Биыл 9-шы рет өткен ауқымды спорттық шара ерекше рекордпен есте қалды. Себебі, биылғы марафонға ең көп қатысушы тіркеліп, 2500-ден астам адам жүгіріс алаңына шықты. Марафонға Атырау тұрғындарымен қатар еліміздің өзге өңірлерінен келген қатысушылар және шетелдік өкілдер де қатысып, жарыстың ауқымын арттыра түсті.
Қатысушылар 5, 10, 21.1 және 42.2 шақырым қашықтықтар бойынша бақ сынады.
42.2 шақырымдық жарыста ерлер арасында абсолюттік есепте Баубек Ильясов жеңімпаз атанса, әйелдер арасында Бақтықыз Унгарбаева топ жарды.
21.1 шақырымдық жарыста ерлер арасында абсолюттік есепте Амангос Ислам жеңімпаз атанса, әйелдер арасында Коротовская Жанна үздік нәтиже көрсетті.
10 шақырым қашықтықта Бексұлтан Ернұр мен Дерябина Анастасия жеңімпаз атанды.
Ал 5 шақырымдық бәсекеде Мұханов Мәжит пен Биссенгалиева Айжан мәре сызығын бірінші болып кесті. Жарыс барысында қатысушыларға арнайы жанкүйерлік аймақтар ұйымдастырылып, марафон мерекелік көңіл-күй мен ерекше спорттық атмосфера сыйлады. Айта кетейік, дәстүрлі «Atyrau Marathon» бүгінде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған өңірдегі ең ірі спорттық жобалардың біріне айналып отыр.


