Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

9 жастағы атыраулық 90 шахматшының арасынан топ жарды

Атыраудың жас шахматшылары Павлодар қаласында өткен Қазақстан Республикасының «Балалар кубогы-2026» чемпионатының бесінші кезеңінде жақсы нәтиже көрсетті. Әсіресе 9 жастағы Алирахман Болаттың жетістігі көпшіліктің назарын аударды. Ол 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында I орын алып, Қазақстан кубогының чемпионы атанды.

Айта кетейік, жарысқа осы жас санатында 90 спортшы қатысқан. Тоғыз турдың қорытындысы бойынша Алирахман 7,5 ұпай жинап, қарсыластарынан озып шықты. Сонымен қатар оның FIDE рейтингі 110 ұпайға өсті.

Бұл жас шахматшының соңғы жарыстардағы нәтижесін біртіндеп жақсартып келе жатқанын көрсететін жеңіс. Қазақстан кубогының алғашқы кезеңінде Алирахман 24-орыннан көрініп, 6,5 ұпай жинаған. Үшінші кезеңде 16-орынға көтеріліп, 6,5 ұпай еншілесе, төртінші кезеңде 7 ұпаймен алтыншы орынға тұрақтаған. Ал бесінші кезеңде жарыстың бас жүлдесін иеленді.

Шешуші сәт соңғы турда болды. Бірінші орын үшін бәсеке тартысты өткен. Алғашқы екі тақтада ойнаған көшбасшылардың өз партияларында жеңіліс табуы жағдайды өзгертті. Үшінші тақтада сынға түскен Алирахманға жеке-дара бірінші орынға шығу үшін жеңіс қажет еді. Міне, ол соңғы партиясында жеңіске жетіп, жарысты көшбасшы ретінде аяқтады.

Жас шахматшы бұл жетістікке күнделікті еңбек пен тәртіптің нәтижесінде жеткен. Сондай-ақ Алирахманды қолдаушы ата-анасының және жаттықтырушы Нұрбек Хайрошевтың үлесі бар. Жас чемпион Атыраудағы «Шахмат үйі» мектебінде Нұрбек Хайрошевтен тәлім алып жүр.

1001722816

Алирахман Болатпен бірге «Шахмат үйі» мектебінің тәрбиеленушісі Санжар Ермек те жүлдеге ілікті. Ол 8 жасқа дейінгі ұлдар арасында классикалық шахматтан II орын алды.

Сол жарыс аясында өткен INEU CUP 2026 блиц-турнирінде де атыраулық жас шахматшылар жүлделі орын алды. Айша Камбарбекова 10 жасқа дейінгі қыздар арасында II орын иеленсе, Санжар Ермек 8 жасқа дейінгі ұлдар арасында lll орынға ие болды.

1001722817

Осылайша, Павлодардағы бәсекеде «Шахмат үйі» мектебінің бірнеше тәрбиеленушісі жүлдегерлер қатарынан табылды. Бұл Атырауда балалар шахматының дамып, жас өрендердің республикалық деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинап келе жатқанын көрсетеді.

1001722818

Жас шахматшылардың жеңісі – осы жолдағы елеулі белестің бірі. Ал, 9 жасында Қазақстан кубогының кезеңінде топ жарған жас шахматшыны жаңа белестер күтіп тұр.

Майра ЕРҒАЛИ

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT