Қадірлі жерлестер!
Тәуелсіз қазақ жұрты өзінің даму жолындағы тағы бір тарихи да тағдыршешті кезеңнің табалдырығында тұр.
15 наурызда елімізде республикалық референдум өтеді.
Біз мемлекеттің басты құжаты — Конституцияның жаңа жобасы бойынша таңдау жасаймыз.
Осылайша елдің даму бағытын айқындауға атсалысамыз.
Конституция — еліміздегі басқа заңдарға діңгек болатын Ата Заңымыз. Онда мемлекеттің негізгі қағидалары, азаматтың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік құрылым мен билік жүйесінің ережелері айқындалған.
Кез келген мемлекеттің басты құндылығы — адам.
Ал Ата заңымыз — мемлекетіміздің тыныс демі.
Демек біз алдымыздағы референдум — кешегі күннен сабақ алып, баянды бүгініміз бен жарқын болашағымызға сүрлеу салатын маңызды қадам екенін жете түсінуіміз шарт.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сынды салмақты бастамалары да жаңа нұсқаға негіз болды.
Ғылым мен инновация басты стратегиялық бағдардың бірі ретінде қарастырылды. Сондай-ақ жаңа жобада жеке адамның қауіпсіздігі ұғымы айтарлықтай кеңіп, бұл өзгеріс цифрландыру дәуірінің сын-қатерлеріне төтеп беруге кепіл болмақ.
Қадірлі атыраулықтар!
Қай істе де бекем бірлігімен, мызғымас татулығымен танылған сіздердің ертеңімізді кемел етуді көксейтін аса маңызды кезеңде ел дамуына бей-жай қарамай, белсенділік танытатындарыңызға кәміл сенемін.
Баршаңызды 15 наурыздағы референдумға қатысып, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын!


