Отбасындағы қамқорлық пен бақылаудың арасы кейде байқалмай қалуы мүмкін. Жақын адамның қайда жүргенін үнемі сұрау, кіммен сөйлесетінін бақылау, киіміне немесе ортасына шектеу қою — қамқорлықтан гөрі психологиялық қысымның белгісі болуы ықтимал.
Зорлық-зомбылықсыз отбасының негізі — өзара сенім, құрмет және жеке шекараны сақтау. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету мақсатында 2025 жылы арнайы қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастады.
Орталықтың әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшісі Әсем Бекешеваның айтуынша, мұнда қызмет алушыларға жағдайына қарай заңгер, психолог және басқа да мамандардың көмегі көрсетіледі. Негізгі мақсат — азаматтарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етіп, қалыпты өмірге қайта бейімделуіне қолдау көрсету.
Орталық 8 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызметтер.

2025 жылы орталыққа 62 қызмет алушы қабылданып, оның ішінде 16 әйел мен 46 балаға көмек көрсетілді. Биыл 89 адамға, оның ішінде 28 әйел мен 61 балаға қызмет көрсетілген.
Мұнда әйелдердің бос уақытын тиімді өткізуіне де жағдай жасалған. Олар қолөнермен, шығармашылықпен айналысып, жаңа дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады.
Мамандардың айтуынша, отбасындағы қарым-қатынастың негізінде қорқыныш емес, сенім болуы керек. Себебі қамқорлық адамға қолдау берсе, бақылау оның еркіндігін шектейді.



