2026 жылдың 2 мамыр күні «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Зинеден ауылдық округінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Аталған экологиялық шараға округ аумағында орналасқан мекемелердің қызметкерлері белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау бағытында бірлескен жұмыс жүргізді. Сенбілік барысында елді мекеннің орталық көшелері, қоғамдық орындар, сондай-ақ қоқыс полигонының айналасы қоқыстан тазартылып, санитарлық жағдайды жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар белгіленген аумақтарды мұқият тазалап, тұрмыстық қалдықтарды жинап, арнайы орындарға шығарды. Сонымен қатар, акция шеңберінде көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмай, ауыл аумағында ағаш көшеттері отырғызылды.
Бұл жұмыстар елді мекеннің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, оның көркеюіне де оң әсерін тигізеді. Іс-шараға жалпы саны 5 мекемеден 40 адам қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізуге 1 арнайы техника жұмылдырылды. Ұйымдасқан еңбектің нәтижесінде шамамен 1 тоннаға жуық қоқыс жиналып, белгіленген орындарға жеткізілді. Мұндай шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, ортақ іске жұмылған жұртшылықтың ауызбіршілігін нығайтып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне деген жанашырлықты арттыра түседі.


