Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Жылыой ауданында алғаш рет пара-теннис пен бочча секциялары ашылды

Жылыой ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пара-теннис пен бочча спорт секциялары алғаш рет өз жұмысын бастады. Жоба «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының бастамасымен, «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен және Құлсары қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің қатысуымен жүзеге асырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Жаңа спорт секциялары мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тұрақты түрде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға және кәсіби спортқа жол ашуға мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, Мүгедектерге арналған спорт клубының басшысы Есенгелді Пазылғалиев, «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлназ Қосмұрзиева, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен олардың жақындары қатысты.

Гүлназ Қосмұрзиеваның айтуынша, соңғы жылдары Жылыой ауданында ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортқа деген қызығушылығы айтарлықтай артқан. Осыған байланысты жаңа секцияларды ашу маңызды қадам болды.

– Енді аудан тұрғындары пара-теннис пен бочча спорт түрлерімен кәсіби деңгейде айналысып, өз қабілеттерін шыңдап, түрлі деңгейдегі жарыстарда бақ сынай алады. Бұл бастама олардың жаңа жетістіктерге жетуіне жол ашады деп сенеміз, – деді ол.

Мүгедектерге арналған спорт клубының басшысы Есенгелді Пазылғалиевтің айтуынша, жаңа секциялардың ашылуы қатысушылардың денсаулығын нығайтып, спорттық шеберлігін арттырумен қатар, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгінде атыраулық параспортшылар жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, пара-теннистен Қазақстан чемпионатында Жұмабек Жұмалиев пен Аслан Митанов күміс жүлдеге ие болса, боччадан өткен республикалық турнирде Гүлзира Мұратқызы қола жүлдені жеңіп алды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT