«Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Жыл сайын қаншама студент бос уақытын тиімді өткізіп, туған жерлеріне аянбай қызмет жасайды десеңізші?!
Бағдарламаның негiзгi мақсаты – 16-35 жас аралығындағы жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандырып, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Жастарды осы іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету. Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы Миялы, Ойыл, Тасшағыл, Жангелдин ауылдық округтерінде өткізіледі.
Қазіргі таңда бағдарламаның ХХ маусымының І кезеңі бойынша 4 ауылдық округ бойынша 60 жас өз жұмыстарын бастады. Оның ішінде Миялы ауылдық округі – 30 сарбаз, Ойыл ауылдық округі – 10 сарбаз, Тасшағыл ауылдық округі – 10 сарбаз, Жангелдин ауылдық округі – 10 сарбаз. Айта кету керек, жазғы демалыста уақыттарын тиімді өткізіп, жұмыс істеп, қаржы табуға мүмкіндік берген бағдарламаға бүгінде жастар арасында сұраныс жоғары. Ауданымыз бойынша 3 ай ішінде 200 жас жұмыспен қамтылады.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА




