Мемлекеттік қызметке білікті жастарды тарту және өңірлердегі кадр тапшылығын азайту мақсатында заңнамаға бірқатар жаңашылдық енгізілді.
Соның бірі – жоғары оқу орнын жақсы үлгеріммен аяқтаған түлектерге аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасуға мүмкіндік беру. Атап айтқанда, жоғары оқу орнын орташа GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен бітірген түлектер уәкілетті органның келісімімен аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметтің төменгі лауазымдарына конкурссыз тағайындала алады.
Бұл – білімді әрі қабілетті жастардың мемлекеттік қызметке келуіне жол ашатын маңызды мүмкіндік. Осы мүмкіндікті пайдаланған биылғы түлек Дильназ Ринатқызы жоғары оқу орнын 3,43 GPA көрсеткішімен аяқтаған. Уәкілетті органның келісімімен ол Исатай ауданы Жанбай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы лауазымына конкурстық іріктеусіз тағайындалды. Бұл бастама ауылдық жерлерге білікті жас кадрларды тартуға және мемлекеттік қызметтің әлеуетін арттыруға бағытталған. Жас маманға жаңа қызметінде табыс тілейміз!
Майра ЕРҒАЛИ
Исатай ауданы




