Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты кез келген ақпаратқа жауапкершілікпен қарау қажет. Әсіресе жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар таратуға болмайды. Мұндай әрекет адамдарды алаңдатып қана қоймай, жедел қызметтердің уақытын және күшін негізсіз жұмсауға әкеледі.
Жыл басынан бері Атырау облысында жарылғыш зат қойылғаны туралы бірнеше жалған хабарлама тіркелді. Әрбір хабарлама бойынша полиция қызметкерлері тиісті тексеру жүргізіп, ақпараттың жалған екенін анықтады. Тексеру кезінде жарылғыш заттар мен басқа да қауіпті заттар табылған жоқ.
Мұндай хабарламалар түскен кезде азаматтарды эвакуациялау, ғимараттар мен аумақтарды тексеру сияқты қажетті шаралар жүргізіледі. Бұл ретте жедел қызметтердің уақыты мен ресурстары босқа жұмсалып, басқа да шұғыл шақыртуларға әсер етуі мүмкін.
Жалған хабарламаны әзіл немесе елеусіз әрекет деп қабылдауға болмайды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы жалған хабар берген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сондықтан азаматтарды жарылғыш зат немесе басқа да қауіп туралы ақпарат алған жағдайда оны әлеуметтік желілерде таратпауға және өз бетінше тексеруге әрекет жасамауға шақырамын. Мұндай жағдай туралы дереу полицияға немесе тиісті жедел қызметке хабарлау қажет. Әрбір азаматтың жауапты әрекеті қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға және жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге ықпал етеді.
Дәурен МАКСИМҰЛЫ
Атырау облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны
Сурет: Ашық дереккөз



