Атырауда өтіп жатқан «Қазыналы Каспий» халықаралық балық фестивалі аясында салтанатты кеме шеруі ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарламаның ең әсерлі әрі көпшілік асыға күткен шараларының біріне айналған шеруді тамашалауға өзен жағасына жүздеген тұрғын мен қала қонағы жиналды.


Шамамен 50 кеме Жайық өзені бойымен Әлиев көпірінен Тұрғындар қалашығы шағынауданындағы көпірге дейін сап түзеп жүзіп өтті. Өзен үстіндегі ерекше көрініс мерекелік көңіл күй сыйлап, көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Кеме шеруі Атырау өңірінің Жайық өзені мен Каспий теңізімен біте қайнасқан тыныс-тіршілігін айшықтап, кеме қатынасы мен балықшылық кәсіптің тамыры терең дәстүрін тағы бір мәрте танытты. Бұл шара өңірдің су айдындарымен сабақтас тарихи-мәдени болмысын дәріптеп, фестивальдің мазмұнын байыта түсті.
Майра ЕРҒАЛИ




