Атырау қаласында «Жаңа Конституция – жарқын болашақ» атты ауқымды гала-концерт басталды. Мерекелік іс-шара “Жайық-Арена” мәдени-спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған 2500-ге жуық адам жиналды.
Облыс әкімдігі мен серіктес ұйымдар қолға алған гала-концерт аясында қоғам қайраткерлері мен түрлі сала өкілдері жаңа Конституцияның ел дамуындағы маңыздылығын кеңінен насихаттайды.
Жиында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов, танымал математиктер Ақерке және Мәдина Еркіновалар, “Жастар рухы” жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы, сондай-ақ “Атырау мұнай және газ” ЖШС-нің аға операторы Ғалым Қамзаев сөз сөйлеп, конституциялық жаңғыртулардың қоғам өміріндегі рөліне кеңінен тоқталмақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – жаңа Конституцияның мазмұнын кеңінен насихаттау, ұлттық бірлікті нығайту және ел болашағына деген сенімді арттыру.
Гала-концерт барысында Ата Заңға енгізілген өзгерістердің адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталғаны айтылуда. Сонымен қатар реформалардың тәжірибелік маңызы, азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюі, заң үстемдігін орнықтыру және әлеуметтік әділеттілікті нығайту мәселелері талқыланады.
Кештің концерттік бөлімінде танымал эстрада әншілері Нұрболат Абдуллин және BYTANAT өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Айта кетейік, ашық форматта өтіп жатқан іс-шарада қатысушылар өз ой-пікірлері мен сауалдарын ортаға салып, пікір алмасуға да мүмкіндік бар.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА


