Атырау облысында қоғамдық тәртіпті нығайту және «Заң және тәртіп» принципін жүзеге асыру мақсатында құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын азаматтарды көтермелеу қағидалары бекітілді.
Нормативтік құқықтық актіге сәйкес, өңірде құқықтық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, оның жолын кесуге немесе ашуға тікелей ықпал еткен қоғамдық көмекшілер мен белсенді азаматтарды моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру шаралары көзделген.
Азаматтарды көтермелеудің негізгі түрлеріне алғыс білдіру, грамотамен наградтау, 20 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі мөлшерде ақшалай сыйақы төлеу, білім беру және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқуға жіберу және мемлекеттік наградаларға ұсыну жатады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау фактiсiнiң фото- және бейнежазбасын ресми арналар арқылы уәкілетті органдарға хабарлама жолдаған азаматтар құқық бұзушыдан өндірілген айыппұл сомасынан ақшалай сыйақымен көтермеленуі мүмкін.
Бұл ретте анонимді хабарламалар сыйақы төлеуге негіз болмайды. Көтермелеуді алу үшін азамат уәкілетті органға бекітілген нысан бойынша тиісті өтініш білдіруі қажет.
Қоғамдық көмекшілерді көтермелеу мәселелерін Атырау қаласы мен аудан әкімдерінің аппараттары жанынан құрылған арнайы комиссиялар қарайды. Сонымен қатар Комиссия тиісті аумақта құқық бұзушылықтың алдын алуға немесе ашуға тікелей септігін тигізген, бірақ қоғамдық көмекші болып тіркелмеген өзге де азаматтарды көтермелеуге құқылы.
Көтермелеу шаралары, өтініш беру тәртібі мен талаптары туралы толық ақпаратпен Атырау облысы әкімдігінің 2026 жылғы 16 шілдедегі № 135 қаулысынан (нормативтік құқықтық актілердің ресми ресурстарынан) танысуға болады.




