Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Вахтада жүрген мыңдаған адам сайлауға қалай қатысады?

23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге жаңадан ашылған сайлау учаскелерінде дауыс беруге мүмкіндік беріледі. Мұнайлы өңірдегі маңызды саяси науқанға дайындық барысымен танысу үшін Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов пен комиссия мүшесі Азамат Айманакумов Атырау облысына келді. Олар алдымен вахталық әдіспен жұмыс істейтін сайлаушылар үшін жаңадан ашылған «Болашақ» мұнай және газ дайындау кешенді зауыты аумағындағы №288 сайлау учаскесінің дайындық барысын пысықтады.

1001725088

2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Соған сәйкес өндірісі үздіксіз жұмыс істейтін кәсіпорындарда және вахталық әдіспен еңбек ұйымдастырылатын орындарда сайлау учаскелерін құруға мүмкіндік берілді. Бұл өзгеріс вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Бұған дейін вахталық әдіспен еңбек ететін адамдардың дауыс беруі олардың орналасқан жері мен сайлаушылар тізіміне енгізілу тәртібіне қарай ұйымдастырылып келді. Енді жаңа сайлау учаскелерінің ашылуы жұмыс орнында жүрген тұрғындардың сайлау құқығын жүзеге асыруына қосымша мүмкіндік беріп отыр.

1001725058

– 23 тамызда вахтадағы қызметкерлер жаңа сайлау учаскелеріне таңғы сағат 7.00-ден бастап дауыс бере алады. Атырау облысында екі жаңа сайлау учаскесінің ашылғаны қуантады. Бұл әр қазақстандықтың дауыс беру конституциялық құқығын жүзеге асыруына жағдай жасау. Айталық, №288 жаңа сайлау учаскесінде 1400-ге жуық сайлаушы бар. Ал Теңіз кенішінде комиссия мүшелері жылжымалы сайлау жәшіктерін апаратын болады. Әзірге ол жерде арнайы учаске ашу жоспарда жоқ. Алдағы уақытта екі учаскенің тәжірибесін қарайтын боламыз. Жалпы, тек мұнай мен газ кәсіпорындарында ғана емес, шахталарда жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге де осындай жағдай жасалмақ, — дейді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов.

Елімізде 20-дан астам осындай жаңа сайлау учаскесі ашылған. Олардың барлығы заң талаптарына сәйкес жасақталады.

Ал Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, 23 тамызда вахтада жүрген адамдардың сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауына қажетті жағдай жасалады.

– Осыған байланысты Атырау қаласы мен Жылыой ауданында екі жаңа сайлау учаскесі құрылды. Оның бірі – NCOC компаниясының «Болашақ» мұнай және газ дайындау кешенді зауытында, екіншісі – Жылыой ауданы, Прорва кен орнындағы «Каспий самалы» вахталық кентінде орналасқан. «Болашақтағы» №288 сайлау учаскесінде 1397, №289 сайлау учаскесінде 970 сайлаушы енгізілген. Бүгінде екі учаскенің комиссиялары құрылды. Инвестициялық тартымдылығы жоғары аймақ болғандықтан, екі учаскеден басқа жалпы вахталық әдіспен жұмыс жасайтын сайлаушылар саны – 11274. Оның ішінде 23 тамызда еліміздің басқа өңірлерінен келген 3574 қызметкер Атырауға вахтаға келіп жұмыс жасайды. Екі учаскеден басқа 8904 сайлаушы қазіргі таңда 32 сайлау учаскесінің тізіміне енгізілді. Облыста тек Индер ауданында ғана вахталық әдіспен жұмыс жасайтын мекеме жоқ. Басқа аудандарда жалпы саны 126 компания қызмет етеді. Осылайша, 23 тамызда барлық вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлердің дауыс беруіне қажетті жағдай жасаймыз, — дейді Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева.

Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген автор

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT