Жастар – елдің болашағы екені жиі айтылып жүр, бұл әуелден қалыптасқан. Алайда бүгінде жастардың жұмыссыз жүруі күллі қоғамның шымбайына батып тұр. Қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі болғандықтан ба, «ауылда тұрақты жұмыс табу қиын» деген қағида әбден орнығып, соның кесірінен жастар ауылдан гөрі қалаға құмар болып алды. Әйтсе де, туған жерінен кетпей, кәсібін ауылдан бастап, өз бетімен жұмыс орындарын ашып, елдің дамуына үлес қосып жүрген жастар да жоқ емес. Еңбекқор, батыл бастама көтеріп жүрген жастардың арқасында ауылдың тіршілігі жанданып, тұрғындар тұрмысына да оң өзгеріс кіріп келеді.
Соны байқаған біз Сағыз ауылындағы кәсіпкерлікпен айналысып, спортты дамытуға үлес қосып жүрген белсенді жастармен тілдестік. Әрқайсысы өз саласында жетістікке жетіп, замандастарына үлгі болып, туған жердің дамуына атсалысып келеді екен. Ең бастысы, өз жетістіктерімен ғана шектелмей, өзгелерге де жағдай жасап отыр. Олар көрсетіп отырған өнеге-үлгі туған жерде еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етуге ұмтылған әрбір жасқа жігер беретіні сөзсіз.
Ауылда мүмкіндік көп
Ауылдағы жас кәсіпкерлердің бірі Өтеғали Мүтиев өз кәсібін небәрі он тоғыз жасында бастапты. Оның бұл бастамасына күн сайын өзіне таныс ауыл көрінісі түрткі болған. Жолаушы тасымалдайтын ол көлігін жуатын орын таппай қиналады, ал қызмет сапалы болу үшін көліктің де айнадай болып тұрғаны жақсы. Осылайша, ауылда көлік жуу қызметін ашу туралы идея туындаған.
Жас жігіт өз ойын аудандық кәсіпкерлер орталығына ұсынғанда, ол жерде мемлекеттік грантқа қатысу мүмкіндігі барын айтқан. Бастамасы сәтті болып, 5 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болған соң көлік жууға қажетті құрал-жабдық сатып алады. Жаңа ғимаратты жөндеп, әуелі арнайы аппараттар арқылы қызмет көрсетсе, кейін әркім өз көлігін өзі жуа алатын заманауи жүйені іске қосады.
– Өз кәсібімді ашуға бұрыннан мақсат қойып едім. Сол арманым көп күттірмеді, он тоғыз жасымда іске асты. Кәсіптің үлкен-кішісі болмайды, әр істің өз қиындығы бар. Мен де сол жолда талай кедергіден өтіп, біршама тәжірибе жинақтадым. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында идеямды жүзеге асырып, кәсібімді бастауға мүмкіндік алдым. Бүгінде көлік жуу орталығы бірнеше жылдан бері ауылдастарыма тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі кеңейтіп, жаңа заманауи жабдықтар алып, автокөліктің қосалқы бөлшектерін сататын дүкен ашуды жоспарлап отырмын. Мемлекеттің жастарға осындай мүмкіндік жасап отырғаны қуантады. Қолдаудың арқасында көптеген қатар-құрбым ойындағысын іске асырып, ауылдың дамуына үлес қосып жүр, — дейді жас кәсіпкер.

Өтеғали кездескен кедергілерге қарамастан шаруасын үйлестіріп отыр. Төрт жылдан бері көлік жуу орталығы халыққа тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Жас жігіттің бастамасы өзіне де, ауыл тұрғындарына да қолайлы. Орталыққа бірнеше ауылдасын тұрақты жұмысқа алған. Осылайша ол ауылдағы қызмет көрсету саласын дамытуға үлес қосып отыр. Енді алға қойған жоспарын жүзеге асыру жолында тер төгіп жүр. Оның айтуынша, гранттық бағдарламалар көптеген жастың өз ойын іске асыруына мұрындық болып отыр. Кәсіпті дамыту жолында келіншегі де қолдау көрсетіп, өзіне үлкен күш беріпті.
Өз ісінің маманы
Сағызда кәсібін туған жерінен бастаған Өтеғали сияқты тағы бір жас бар. Дизайн өнерінің қыр-сырына енді қанығып келе жатқан Ақгүл Байтүгел бүгінде өз ісінің білікті маманына айналып келе жатыр. Енді жеке брендін қалыптастыру жолында еңбек етіп жүр. Оның сән әлеміндегі алғашқы қадамы да ауылдан басталған.
– Оқуымды аяқтаған соң бірден Алматы қаласындағы Abdirova Bridal той көйлектерін тігетін брендке тігінші болып жұмысқа орналастым. Сол жерде бір жылға жуық еңбек етіп, тәжірибе жинадым. Әрине, бұл үлкен мектеп болды, — дейді жас дизайнер.

Түрлі себеппен Атырауға келген Ақгүл өз мамандығы бойынша көңіліне қонымды жұмыс таппай қиналады. Шығармашылықпен жұмыс істеу жөніндегі ойын жүзеге асыруға жұмыс табылғанмен, салалық бағыты үйлеспейді. Ал, тұрақты жұмыс табылса, жалақысы сай емес. Осылайша, біршама уақыт өтіп кетеді. Ақыры, ауылға келіп, өз ісін бастау туралы шешім қабылдайды.
– Атырауға келген соң мамандығым бойынша жұмыс іздедім. Бірақ талғамға сай келетін ештеңе таба алмадым. Тіпті, шығармашылық жұмысты бастау үшін әуелі адамның сол бағыттағы түсінігі, пікір үндестігі керек. Ал мен ондай адам таппай қиналдым. Сосын ауылдан іс бастауға бел будым, өйткені атақты брендтер де сол деңгейге көтерілу үшін қарапайым шаруадан бастаған ғой. Сол себепті мен де өзіме сеніп, алғашқы қадамымды жасадым, — дейді ол.
Ол үшін жас дизайнер әуелі әлеуметтік желі арқылы өз жұмысын таныстыруды қолға алған. Басты мақсат – тек ауылдастарына емес, әр өңірдегі тұтынушыларға қызмет көрсету. Тіккен киімдерін әдемілеп суретке түсіріп, Instagram желісіндегі парақшасына тұрақты жариялап, әлеуметтік желіні сауатты жүргізуді де меңгеріп алады. Арада бір айдай уақыт өткенде қазақы нақышта тігілген жакеттің видеосы көп қаралым жинайды. Содан бастап ауылдан ғана емес, Қазақстанның әр өңірінен тапсырыстар келе бастаған.
Айтпақшы, сол жакеттің бірнеше нұсқадағы дизайнын жасап, төрт ай бойы үздіксіз сатқан Ақгүл кейін көйлек, қосарланған костюм, басқа да киім үлгілеріне тапсырыс алып, кәсібін кеңейте бастапты.

– Қазір әр жұмысымды сапалы түрде көрсетіп, әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдаймын. Бұл өте тиімді тәсіл болып тұр. Іс бастаймын деген адамға бүгінде барлық мүмкіндік бар ғой, тек ерінбей тер төгу керек. Ең бастысы, өз еңбегімнің нәтижесін көріп, тұтынушылардың алғысын есту мені жігерлендіре түседі, — дейді Ақгүл.
Оның алдағы мақсаты – шағын ателье деңгейінде қалып қоймай, қазақы нақыш пен заманауи сәнді үйлестіретін танымал бренд қалыптастыру. Осы мақсатта ол BAI’LLO атауын таңдапты. Бренд атауы дизайнердің есімі мен тегіне негізделген. Қазір оның қолынан шыққан әрбір дүние осы атаумен танылып, қазақы нақыш пен заманауи сән үйлесімін көрсетіп жүр.
– Мақсатым – тұтынушы киімді көргенде бірден оның қай брендтен екенін танитындай деңгейге жетсем деймін. Қазақы элементтерді заманауи үлгімен үйлестіріп, ерекше стиль қалыптастырғым келеді. Тіпті Ресейдің Омбы қаласынан да қазақы жакеттеріме тапсырыс түсті. Бұл маған зор қуаныш сыйлап, ілгері ұмтылуға күш береді, — дейді дизайнер қыз.
Жастарды біріктіретін күш
Ауыл жастарының белсенділігі тек кәсіпкерлікпен шектелмейді. Оларды еңбекке, тәртіп пен мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейтін бірден-бір күш – спорт. Бос уақытын тиімді ұйымдастырған, нақты мақсаты бар жас түрлі теріс әрекеттерден аулақ болып, өз болашағын қалыптастыруға ұмтылады. Бұл жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінің алдын алуға да септігін тигізері анық. Жетістігімен танылып жүрген командалардың бірі – «Саламат рухы» футбол командасы тек Сағыз ауылының жастарынан құралған. Команда түрлі жарыстарда бақ сынап, тек ауылдың емес, елдің де абыройын қорғап жүр.

Бапкер Дастан Жанжігітовтің айтуынша, ауыл жастарын спортқа баулу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, туған жердің атын таныту үшін көп тер төгу керек. Спортпен тұрақты айналысқан жастар еңбекке де жауапкершілікпен қарап, өз болашағын айқындауға ұмтылады. Бұл жастардың бойкүйездікке жол бермей, белсенді өмір салтын ұстануына оң ықпал етеді.
– Біз ауылдың атын танытып жүрген команда ретінде жоғары жауапкершілікті сезінеміз. Әр ойынға тек өзіміз үшін емес, туған жердің абыройы үшін шығамыз. Басты мақсатымыз – ауыл жастарын жігерлендіріп, туған жеріміздің атын әрдайым жақсы жағынан таныту, спорттағы жетістіктерімізбен елге үлгі болу. Алаңда ғана емес ауыл жастары арасындағы тәртіпті, бірлік пен сыйластықты көрсетуге тырысамыз. Әр жеңісіміз – ауылымыздың мерейі, ал әр ойынымыз – туған жеріміздің беделін көтеруге қосқан үлесіміз, — дейді бапкер жігіт.
Команданың жетістіктері де аз емес. Дастан үшін есте қалған ерекше сәттердің бірі – Астанада өткен Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңі.
– Елдің әр түкпірінен жиналған 80 команданың арасынан суырылып шығып, финалға дейін жету біз үшін зор жетістік болды. Сол жеңіс біздің жігерімізді көрсетіп қана қоймай, ауыл футболының да үлкен деңгейде өнер көрсете алатынын дәлелдеді. Ең үлкен арманымыз ауылдас жігіттерді Қазақстан чемпионатында ойнату еді. Сол мақсатымыздың жүзеге асқаны – біз үшін кез келген жүлдеден де қымбат жеңіс. Қазір жастардың еңбегін, талпынысын көріп, бойымды ерекше қуаныш сезімі кернейді, — дейді ол.
«Саламат рухы» құрамасының мүшелері халықаралық аренада да ел намысын қорғауды жоспарлап отыр. Команда Испания төрінде өтетін жарыста Қазақстанның атынан лайықты өнер көрсетуге ниетті.
– Алда Испания төрінде ауыл намысымен қатар, Қазақстан намысын қорғау ойымызда. Еңбегімізді бағалап, қолдау білдіріп жүрген жандарға ризамыз. Басты мақсатымыз – сөзбен емес, ісімізбен үлгі болу. Ауыл жастары спортпен айналысып, бірлік пен тәртіптің қадірін түсініп, туған жердің намысын қорғауға ұмтылса, біз үшін ең үлкен жетістік сол, — дейді бапкер.
Тастүйін
Сағыз жастарының тәжірибесі ауылда мүмкіндік жоқ деген түсініктің түбегейлі қате екенін көрсетеді. Шынында, кез- келген мүмкіндік адамның ізденісі мен еңбегінен басталады. Маңдай терін төккен адам қандай жағдайда да жетістікке жетері анық. Аталған бастамалар жастардың бос жүрісін азайтып қана қоймай, ауыл экономикасының дамуына да серпін берері сөзсіз.
Еңбекке деген жауапкершілік пен туған жерге деген сүйіспеншілік ұштасқанда ғана жастардың келешегі кемел болмақ. Талаптылардың қатары көбейген сайын жұмыссыздық мәселесінің де оң шешімін табарына сенім мол.
Іңкәр ЖҰМАҚҰЛ
Қызылқоға ауданы



