5 мамырдан бастап атыраулық полицейлер жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Негізгі мақсат – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Жасөспірім» және «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары білім беру ұйымдарында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын өткізіп, түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтауда. Үш күн ішінде 290-ға жуық құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Полицейлер кешкі және түнгі уақытта арнайы топтарға бөлініп, Атырау қаласындағы жасөспірімдер жиі жиналатын орындарды аралады. Олардың қатарында компьютерлік ойын клубтары, сауда және ойын-сауық орталықтары, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен саябақтар бар.
- Егер жасөспірім сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін ойын-сауық мекемесінде ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз жүрсе, ата-анасына әкімшілік айыппұл салынады. Ал сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін көшеде заңды өкілінсіз жүргені анықталса, алдымен ескерту беріледі, қайталанған жағдайда айыппұл қарастырылған. Сондықтан ата-аналар баласының қайда жүргенін бақылап, қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет, – деді ювеналдық полиция инспекторлары.
Құрметті ата-ана! Жасөспірім балаңыздың түнгі уақытта көше кезуі мен қоғамдық орында қараусыз жүруі қауіпті екенін ұмытпаңыз. Балаңыздың бүгінгі қауіпсіздігі - ертеңгі алаңсыз болашағы.
Атырау облысы полиция департаменті Ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы полиция аға лейтенанты Асылай Айбековна


