«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – елімізде қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған республикалық бастама. Акция аясында ағаш отырғызу, сенбіліктер өткізу, аумақтарды тазарту, көгалдандыру жұмыстары және табиғатты қорғауға бағытталған түрлі іс-шаралар жүзеге асырылады.
Есбол орта мектебінің 11-сынып оқушылары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Түлектердің ағаш егуі» атты эко-челлендж ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – жас ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға баулу, экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатқа деген жауапкершілік сезімін арттыру.
Челлендж барысында мектеп ауласына шие ағаштары отырғызылды. Іс-шараның бастамасын мектеп директоры А.Олжағалиев қолға алып, алғашқы көшеттерді отырғызып, оқушыларға үлгі көрсетті. Одан әрі мектеп түлектері белсене атсалысып, көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Айта кету керек, бұл игі іс – мектептегі жақсы дәстүрдің жалғасы. Білім ордасының 100 жылдық мерейтойына орай өткен жылы мектеп аумағына 100 түп шие ағашы отырғызылған болатын. Бүгінде сол көшеттер тамыр жайып, көктеп келеді. Биылғы түлектердің бастамасы сол дәстүрді жалғастырып, табиғатқа деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Түлектер отырғызған әрбір шие ағашы – туған мектепке деген құрмет пен болашаққа деген сенімнің белгісі. Осындай тағылымы мол шаралар жас ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатты аялауға үндейтіні анық.
Майра ЗИНУЛЛИНА,
Есбол орта мектебінің биология пәні мұғалімі, педагог-сарапшы


