Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Тазалықты ту етіп, туған жерін түлеткен тұрғындар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл-аймақтарды дамытуға және ауыл тұрғындарының лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға ерекше мән берді. Бұл ретте елді мекеннің көркеюі инфрақұрылымға байланысты екен белгілі, сондай-ақ ауылдың тазалығы, көшелерінің күтімі мен тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасы да өмір сапасын айқындайды.

«Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бекер айтылмаған. Шынында да, елді мекеннің ажары сол жерде тұратын адамдардың еңбегінен көрінеді. Көшесін күтіп, айналасын таза ұстап, ағаш егіп, ауласын абаттандырған тұрғындардың туған жерге деген құрметі де осындай істерден аңғарылады. Махамбет ауданында жүзеге асқан «Таза аудан – таза болашақ» жобасы да осы ұстанымды насихаттауға бағытталды.

Аудан әкімдігінің қолдауымен қолға алынған жоба жастардың экологиялық сауатын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуді көздейді.

Жоба шеңберінде «Эко-Quiz», «Эко-квест», «EcoAI», «Эко-пікір», «Жасыл мекен» атты танымдық іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар аудандағы ауылдардың тазалығы мен көркін бағалайтын «Үлгілі ауыл», «Таза аула» және «Таза көше» байқауы ұйымдастырылды. Аталған байқаудың нәтижесі қорытындыланып, салтанатты шарада аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жеңімпаздарды марапаттады.

Сонымен, «Үлгілі ауыл» номинациясында Бақсай ауылдық округіне қарасты Таңдай ауылы жеңімпаз атанды. «Бұл ретте елді мекеннің көгалдандырылуы, абаттандырылуы және санитарлық тазалығы негізгі өлшем ретінде алынды» дейді ұйымдастырушылар.
Ал «Таза көше» байқауында Алға ауылының Ақжайық көшесі үздік деп танылды. «Таза аула» номинациясы бойынша Жалғансай ауылының тұрғыны Серік Аймағамбетовтің ауласы жеңімпаз болды.

1002015389

Бақсай ауылдық округінің әкімі Ермұрат Сұлтанов бұл нәтижеге ауыл тұрғындарының ортақ іске жұмылған еңбегінің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

– Таңдай ауылын «Үлгілі ауыл» деп лайықты бағалағаны біз үшін үлкен жетістік. Мұны ауыл тұрғындарының бірлесіп атқарған еңбегіне берілген баға деп білемін. Ауылдың таза әрі көрікті болуы әр адамның өз ауласы мен көшесіне деген жанашырлығынан басталады. Тұрғындар осыны түсініп, ортақ іске белсене атсалысты. Алдағы уақытта да туған жерімізді көркейтуге күш саламыз, — деді ол.

Жалпы, «Таза аудан – таза болашақ» жобасы Махамбет ауданында жыл сайын жүзеге асырылады. Ұйымдастырушылар бастаманы келесі жылы да жалғастыруды жоспарлап отыр. Себебі ауылдың ажары әр тұрғынның тазалыққа деген тұрақты көзқарасы мен жауапкершілігінен қалыптасады.

Майра ЕРҒАЛИ

Махамбет ауданы

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT