Бүгінгі таңда экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, жер мен судың тозуы, климаттың өзгеруі секілді жаһандық қауіптер туындап жатқанда, табиғат жанашырларының ақыл-кеңесінің маңызы арта түспек. Осы тұста, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деді: «Тазалық мәселесі әрдайым назарда болуға тиіс.
Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Бастамаға азаматтар жаппай қолдау білдірді. Акция жалпыұлттық сипатқа ие болды. Күн жылынып келеді, енді жұрт сенбілікке шығып, айналасын тазалайды. Бұл – өте дұрыс. Мен бұған дейін де айттым, «Таза Қазақстан» – жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет». Бүгінгі тіршілік табиғатпен тығыз байланысты. Ата-бабаларымыз табиғатты аялаудың, жер мен суды қадірлеудің үлкен үлгісін қалдырды. Сол үлгіні жас ұрпақ санасына сіңіру – біздің ортақ парызымыз. Ал туған жердің табиғатын сақтау – әр азаматтың намысы мен ар-ожданына байланысты. Сондықтан туған жерді қадірлеп, ұрпаққа таза табиғат қалдырайық!


