«Таза Қазақстан» акциясы аясында Құлсары қаласының Оңтүстік аэропорт ықшамауданы маңындағы заңсыз қоқыс орнын тазалау жұмыстары толықтай аяқталды.
Бұл аумақ су тасқыны кезінде карьер ретінде пайдаланылғанымен, кейін тұрғындар тарапынан тұрмыстық, құрылыс қалдықтары мен мал өлекселері ретсіз төгіліп келген. «Жылыой Тазалық» мекемесі 20 жұмысшы мен 10 арнайы техниканы жұмылдырып, екі күндік ауқымды жұмыс нәтижесінде аталған аумақты толық тазартты.
Мекеме ұжымы «Жылыой Тазалық» қоқыс төгетін емес, керісінше қаланы тазартатын мекеме екенін ескертіп, тұрғындарды тазартылған жерді қайтадан қоқыс алаңына айналдырмауға шақырады. Қала тазалығын сақтау — баршамызға ортақ жауапкершілік!
П.Қизатова




