Индер ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында қоршаған ортаны абаттандыру, елді мекендердің тазалығын сақтау және санитарлық жағдайды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының маңыздылығына тоқталып, бұл бастама шын мәнінде әділетті Қазақстан идеясының өзегіне айналып келе жатқанын атап өткен болатын. «Таза Қазақстан» қағидаты «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамаларымен сабақтасып, қоғамның ортақ құндылығына айналуы тиіс.
Бұл бағытта ауданда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Индербор кенті және ауылдық округтерде көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдары тазартылып, тұрмыстық қалдықтар арнайы техникамен шығарылуда.
Сонымен қатар жол қауіпсіздігін арттыру, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жол белгілері жаңартылып, жолақтар сызылып, қажетті учаскелерге жол кедергілері орнатылуда.
Аудан аумағында тазалықты қамтамасыз ету бағытында жауапты мекемелер бірлесіп, бөлінген аумақтар бойынша тұрақты түрде рейдтік жұмыстар жүргізуде. Тексеру барысында кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлердің айналасындағы аумақтардың санитарлық жағдайына назар аударылуда.
Тазалық – бір күннің немесе бір адамның ғана міндеті емес. Сондықтан әрбір тұрғын қоршаған ортаны таза ұстауға жауапкершілікпен қарап, туған жерінің көркеюіне өз үлесін қосқаны абзал.
Жадыра НАРИМАНОВА




