Өңірдің келбеті тазалықтан бастау алады. Сондықтан бүгінгі таңда ауданда “Таза Қазақстан” экологиялық жобасы аясында бірқатар игі бастамалар жүзеге асып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары қолға алынуда.
Ауданда тұрақты түрде ұйымдастырылатын сенбіліктерден бөлек, балалар мен мектеп оқушылары арасында да түрлі танымдық әрі тәрбиелік жобалар өткізіліп келеді.
Соның бірі – аудан мектептерінде бастау алған “Таза алаң – бақытты балақай” атты шара.

Аталмыш шараның мақсаты – балалар пайдаланатын ойын алаңдарын тазалап, күтіп ұстау арқылы тазалыққа баулу, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Шара барысында оқушылар ойын алаңдарын жинап, айналасын қоқыстан тазартып, тазалық сақтаудың маңыздылығы туралы өзара пікір алмасады.

Осындай игі бастамалар арқылы өскелең ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігі артып, туған жердің тазалығына бейжай қарамайтын саналы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік туады.
МТ


