«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында аудан көлемінде ауқымды жұмыс атқарылуда. Соның бір айғағындай, таяуда Ойыл өзенінің жағалауына тазалық жұмыстары жүргізілді. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен тазалық акциясына аудан орталығындағы бөлім, мекемелерден барлығы жүзге жуық жас қатысып, Ойыл өзенінің халық «Шархат», «Қасқыр түбек», «Дача» деп атап кеткен жағалауларынан бастап, Қазыбек тоғайы ішіне дейін кіріп, күл-қоқыстан тазартты.
Далалық жер сынып қураған ағаштан бөлек адамдар тастап кеткен түрлі сусындардың ыдысы, пісте қабықтары, тамақ қалдықтары, шөлмек, кәуәп пісіргеннен қалған күйе тастар мен заттарға толы екен. Яғни, табиғи қоқыстан гөрі адам әкеліп тастаған қалдықтан аяқ алып жүргісіз. Тазалық жұмысына білек сыбана кіріскен жастар барлығы 10 шақырымға жуық аумақтан бес тоннадай күл-қоқыс жинап, «Қызылқоға Сервис» мекемесінің «КамАЗ» жүк көлігіне тиеп, тиісті орынға апарып төгілді. Ертеңіне «Лесхоз» демалыс аймағына да тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл жерде де сол көрініс. «Табиғат аясында демаламыз» деп келіп, табиғаттың тынысын тарылтып кететін адамдардың қолтаңбасы сайрап жатыр. Өз кезегінде сенбілікке шыққан жастар мен мекеме қызметкерлері бірнеше қапшық күл-қоқысты жинап, демалыс аймағын ретке келтіріп кетті. Ендігі тілек – демалушылар жастардың еңбегін еш етпей, өз күл-қоқыстарын жинап, табиғатты таза ұстауға атсалысса игі!
Дулат БЕРІК


