«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған кезекті сенбілік «Табиғатты қорғау – ортақ міндет» деген айшықты атаумен өтіп, өңір өміріндегі маңызды әрі тағылымды шаралардың біріне айналды. Бұл игі іске аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» өкілдері, кәсіпкерлер, спортшылар және қала тұрғындары бір кісідей жұмылып, белсене қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру және өскелең ұрпақты туған жердің тазалығына жанашыр болуға баулу. Табиғат – ортақ үйіміз. Сондықтан оны аялау, қорғау – әрбір азаматтың азаматтық борышы екені осы сенбілік барысында тағы бір мәрте айқын көрініс тапты.
Сенбілік барысында қатысушылар қаланың тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, көгалдандыру ісіне де ерекше мән берді. Жердің құнарын арттырып, қаланың көркін келтіретін жасыл желек – болашақтың тынысы екені белгілі. Осы орайда тал отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды.
Игі істің тағы бір жарқын тұсы – жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 450 түп ағаштың әкелініп, тұрғындарға тегін таратылды. Бұл – тек материалдық қолдау ғана емес, табиғатты бірге түлетуге деген үлкен жауапкершілік пен жанашырлықтың белгісі. Жиын барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова атқарылған жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, бірлесе жасалған еңбектің нәтижесі көз қуантатынын жеткізді.
— "Таза Қазақстан" акциясы аясында ауданымызда жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Бүгінде жол бойлары қоқыстан тазартылып, аулалар абаттандырылуда. Қаламыздың көркеюіне өз үлесін қосып, демеушілік танытып жатқан барша кәсіпкерлер мен спортшыларға аудан әкімдігінің атынан шынайы алғысымды білдіремін. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сенбілік тек қарапайым тазалық жұмысы емес, адамдарды ортақ мақсатқа біріктірген нағыз тимбилдинг алаңына айналды. Табиғатқа жанашырлық танытқан әрбір қатысушы ортақ іске өз үлесін қосып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне деген жауапкершілікті сезінді. Шараға қатысқан спортшы Бекарыс Қойшыұлы да өз пікірін білдіріп, мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.
— Бұл бір реттік акция емес. Біз мұндай игі шараларды жыл сайын да, мүмкіндігінше жиі де ұйымдастырып келеміз. Қаланың тазалығы – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі сенбіліктің ерекшелігі – кәсіпкерлердің белсенді қолдауы. Осындай азаматтарға ерекше алғыс айтамыз, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да көгалдандыру жұмыстарын кеңейту, ағаш отырғызу науқандарын жүйелі түрде жалғастыру, санитарлық-тазалық шараларын тұрақты өткізу, сондай-ақ пластикалық қалдықтарды азайтуға бағытталған экологиялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
А. Мейрамбайқызы


