Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

«Суық полюске» саяхат

Жер шарында табиғаттың қаталдығы мен адамның ерік-жігері қатар сыналатын мекендер бар. Солардың бірі – Солтүстік жарты шардың «суық полюсі» атанған Оймякон өңірі. Қысы сақылдаған сары аязымен танылған бұл өңір талай саяхатшының арман бағытына айналған. Сол арманды шындыққа айналдырғандардың қатарында атыраулық саяхатшы Берік Есенғалиев (суретте) те бар.

Өмір салты өзгеше

Бұл шағын елді мекенде қыстың ортасында ауа температурасы жиі −50°C шамасында болса, тарихтағы ең төменгі ресми көрсеткіш −67,7°C-қа дейін жеткені анықталған. Ал кейбір деректер бойынша одан да төменгі −71,2°C байқалғаны туралы да айтылады. Мұндағы ауа райының осындай қатал болуы жергілікті өмірді мүлде өзгеше етіп көрсетеді. Адамның тынысы ауада тез қатып, автомобильдердің қозғалтқышы үнемі жылы күйде ұсталады. Өйткені оларды өшіруге жол жоқ: суық оларды қайта қосуға мүмкіндік бермейді. Қала ішінде қарапайым қаламсап та пайдалануға жарамайды, себебі сия тез қатып қалады. Сондықтан адамдар арнайы құралдармен жұмыс істеуге мәжбүр. Мұндай климаттық жағдай – адам төзімділігін, қоршаған ортаны қабылдау шегін шынымен де сынайтын әлемдік феномен.

Осы ең қатал табиғи кеңістікті өз көзімен көру және оның тұрмыстық ерекшелігін сезіну Берік Есенғалиевтің көптен бергі арманы болған екен. Ол бұл сапарды ішкі қызығушылық пен жеке мақсатпен жоспарлапты.

– Бұл сапардың басты мақсаты – Оймякон сияқты әлемге танымал “суық полюсіне” барып, жергілікті халықтың өмір салтын танып, олардың табиғат жағдайына қалай бейімделгенін көзіммен көру болды, — дейді саяхатшы.

Сонымен қатар ол бұл сапарды өз төзімділігін сынаудың, басқа мәдениетті түсінудің мүмкіндігі ретінде де бағалаған.

Сынаққа толы сапар

Атыраудан басталған сапар оңай болған жоқ. Берік 11 қаңтарда туған қаласынан жолға шығып, 21 қаңтарда Якутск қаласына жетті. Егер Астанада бір күндік тоқтауды есептемесек, бұл жол тоғыз күнге созылған қиын, ұзақ әрі жауапты сапар болды. Ол алдын-ала жүру бағытын таңдаған: пойызбен Атырау – Астана – Петропавл – Новосибирск – Тында – Нижний Бестях бағыттары бойынша жүріп, одан әрі автомобильмен Оймяконға жетеді. Төрт түрлі уақыт белдеуін кесіп өту, ұзақ жол жүру мен ұйқы режимінің бұзылуы бәрі де саяхатшының төзімділігін тексерді, бірақ ол арманына жетуден тайған жоқ.

Есте қалған ең ауыр сәттердің бірі Новосибирск қаласында болған. Онда саяхатшыны ұшаққа отырғызбай қойыпты.

– Новосибирскіде ұшаққа мінгізбей қойды. Себебі жанымда техника мен пауэрбанктер көп болатын. Соның салдарынан сапар бағытын өзгертуге тура келді. Бұған қоса бір пойызда төрт күн бойы тоқтаусыз жүрдім. Төрт сағаттық уақыт белдеуінің ауысуы да ұйқы режиміне қатты әсер етті, — дейді ол.

Оймяконға келген соң Берік табиғаттың ерекше, тіпті көз тартарлық көріністеріне қанықты. Солтүстік жарық – aurora borealis көрінісі оның сапарының ең әсерлі сәттерінің бірі болды. Сонымен бірге ол Қазақстан туын көтеріп, Лена өзенінің жағасында, 2800 метр биіктіктегі жартастың басына қадап қойды. Бұл сәттердің барлығы саяхатшының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланып, көптеген адамға шабыт сыйлады. Репортаж қоғамның үлкен қызығушылығын тудырды.

Саяхатшының айтуынша, жергілікті тұрғындар көбінесе мал шаруашылығымен, балық аулаумен және табиғи ресурстардан алынатын азық-түлікпен күн көреді екен. Мұнда ауылдық өркениет ағымдағы заманауи өмірден алшақ, бірақ табиғатпен тығыз байланыста өмір сүрудің ерекше үлгісі ретінде қалыптасқан. Күнделікті тіршілік қиындықтарға толы: қар мен аяздан қорғайтын киім, сапалы жанар-жағармай мен тұрақты жылыту жүйесі – бәрі де өмірдің бөлінбес бөлігіне айналған. Тіпті жазда температураның сәл жоғары көтерілуі қыс кезіндегі тіршілік қиындықтарын айтарлықтай өзгертпейтін көрінеді. Себебі қыстың ұзақтығы мен қаталдығы аймақтағы күнделікті өмірдің негізіне айналған.

Миссиясы – елді насихаттау

Атыраулық саяхатшы сапары кезінде кездескен адамдарға Қазақстан туралы, оның табиғаты мен мәдениеті туралы кеңірек айтып беріпті. Ол еліміздің батысындағы көрікті орындарға баруға шақырып, осы арқылы шетелдік туристерді тартуға да ықпал еткен. Мұндай ақпараттық тәжірибе жастар мен халықаралық қауымдастық арасында елге деген қызығушылықты арттырғаны сөзсіз.

Ал Берік Есенғалиевтің алдағы жоспарында тағы бір ерекше бағыт бар. Ол көктемде Непалға барып, «mad honey» деп аталатын табиғи бал жинаумен айналысуды жоспарлап отыр.

Нұрайна ТАҢАТАР,

Абай атындағы орта мектептің Х сынып оқушысы

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Құрманғазы ауданы

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT