Атырауда «Әділет» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ұстаз айтса» облыстық диалог алаңы өтті. Педагогтер білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Жиында айтылған пікірлер жинақталып, республикалық деңгейдегі бірыңғай базаға енгізіледі.
Диалог алаңына «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Болат Қонарбай, облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар қатысты.

Жиында партия филиалының төрағасы Болат Қонарбай білім саласындағы өзгерістерді талқылауда мұғалімдердің тәжірибесі мен пікіріне сүйенудің маңызын атап өтті.
– Ұстаз – ұлттың адами капиталына, қоғамдық құндылықтарға және елдің болашағына ықпал ететін тұлға. Сондықтан білім саласындағы шешімдер педагогтердің тәжірибесі мен пікірін ескере отырып қабылдануы керек. «Ұстаз айтса» диалог алаңы осы мақсатқа қызмет етеді.
Атырау облысындағы 239 орта білім беру ұйымында 157 мың оқушы білім алады. Биыл мектеп табалдырығын 15 мыңнан астам бала аттады. Өңірде 200 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 467 түлек үздік аттестат, 9-сыныпты аяқтаған 845 оқушы үздік куәлік алды. Өткен жылмен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлерінің саны 18,3 пайызға, үздік аттестат алған түлектер саны 15,3 пайызға артқан.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында биыл өңірде 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Олардың қатарында Атырау қаласындағы 2000 орындық BINOM мектебі және Еркінқала-2, Көктем-2, Дамба ауылдарында ашылған білім ордалары бар. Жаңа мектептер оқушыларға қолайлы жағдай жасап, үш ауысыммен оқыту мәселесін шешуге ықпал етеді, - деді Б.Қонарбай.
Сонымен қатар жиында облыс оқушыларының олимпиадалардағы жетістіктері атап өтілді. Өткен оқу жылында олар республикалық және халықаралық олимпиадалардан 204 жүлделі орын иеленген. Оның 30-ы халықаралық жарыстарда алынған. Болат Қонарбай бұл нәтижелерге оқушылардың талабы мен еңбегімен қатар, ұстаздардың кәсіби білігі мен қажырлы жұмысы да негіз болғанын айтып, педагогтерге алғыс білдірді.
Жиында білім саласындағы шешімін күткен мәселелер де талқыланды. Кейбір мектептерде үш ауысыммен оқыту мәселесі толық шешілмеген, бірқатар бағытта педагогтерге қажеттілік бар. Білім сапасын арттыру, әр балаға сапалы білім мен тең мүмкіндік ұсыну алдағы маңызды міндеттердің бірі ретінде айтылды.
Диалог алаңы бес тақырыптық блоктан тұрды: «Неге мен мұғаліммін?», «Мұғалімнің әр күні қалай өтеді?», «Жақсы оқытуға не көмектеседі, не кедергі?», «Егер бір ғана нәрсені өзгерту мүмкін болса?» және «Ұстаз және мемлекет». Талқылауға ардагер ұстаз София Әлібаева, Индер ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің мұғалімі Қайырбек Кенжеалиев, Атырау қаласындағы №43 орта мектептің директоры Бибігүл Ғапуова және Мақат ауданындағы М.Баймұханов атындағы орта мектептің мұғалімі Әсемгүл Таумуринова қатысып, өз ұсыныстарын білдірді.
Жиында айтылған ұсыныстар «Ұстаз айтса» қорытындысына енгізіліп, республикалық деңгейдегі бірыңғай базаға жолданады. Шешуді қажет ететін мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдармен және Құрылтайдағы партия фракциясымен бірлесіп жұмыс жүргізу жоспарланған.
Іс-шара соңында облыстың үздік педагогтері партия филиалы төрағасы Болат Қонарбайдың атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар педагог салтанатты түрде партия қатарына қабылданды.
Мемлекет басшысы «Мұғалімнің еңбегі ең жоғары құрметке лайық» екенін атап өткен. «Ұстаз айтса» диалог алаңы педагогтердің ұсыныстарын тыңдап, білім саласындағы мәселелерді талқылауға арналған ашық алаң болды.




