Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүрген егіз сарбаздар Оразмағамбет пен Тұрмағамбет Ходжаевтардың әскери қызметін аяқтауға санаулы күндер қалды. Жаңаөзен қаласынан әскер қатарына шақырылған ағайынды жігіттер бір жыл бойы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосты.
Егіздердің айтуынша, әскери өмір олардың өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен. Әскерге дейін дене бітімдері толық болған сарбаздар тұрақты спортпен шұғылданып, күн сайын таңғы сағат алтыда жүгірудің арқасында жақсы физикалық формаға келген. Нәтижесінде Оразмағамбет 9 келі, ал Тұрмағамбет 11 келі салмақ тастаған.
– Әскер бізді шынықтырды, тәртіпке үйретті. Бір жыл ішінде өзімізді жаңа қырынан таныдық. Мұнда алған тәжірибе алдағы өмірімізге үлкен пайдасын тигізеді, – дейді егіз сарбаздар.
Қазіргі таңда олардың үйлеріне оралуына небәрі он күн қалған. Болашаққа деген жоспарлары да айқын. Әскери қызметтің маңызын түсінген ағайындылар туған Жаңаөзен қаласына аман-есен оралған соң, Ұлттық ұлан қатарында қызметтерін жалғастырып, әскери салада еңбек етуді мақсат етіп отыр.
Бір үйдің қос перзенті үшін бұл бір жыл тек әскери міндетті орындау кезеңі ғана емес, нағыз ер азамат ретінде қалыптасудың маңызды мектебіне айналды. Олардың тарихы әскери қызметтің жастарды шыңдап, жауапкершілігі жоғары азамат етіп тәрбиелейтінін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Майра ЕРҒАЛИ




